Аймақ тұрғындары орташа алғанда 28 жаста
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Орталық Азияның ең маңызды және ең құнды ресурсы – білімді жас ұрпақ. Орталық Азия – әлемдегі халқы ең жас өңірдің бірі. Аймақ тұрғындарының орташа жасы – небәрі 28,7. БҰҰ-ның болжамына сүйенсек, 2040 жылға қарай азаматтарымыздың орташа жасы одан әрі төмендеп, 28,3-ке жетеді. Бұл – Солтүстік Америка (41,5), Еуропа (46,8), Қытай (48) сияқты басқа өңірлерге қатысты болжамдардан әлдеқайда төмен көрсеткіш, деді мемлекет басшысы.
Мұны бес елдің де экономикалық және әлеуметтік дамуына кең жол ашатын бірегей бәсекелік артықшылық деуге болады. Жастар экономика, технология және мәдениет салаларындағы жаңару үдерістерінің қозғаушы күші бола алады. Жаһандық бәсекелестік жағдайында табысқа жетудің кілті өскелең ұрпақтың қолында. Осы орайда ғылым-білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, жастар арасындағы байланысты нығайту және жас ұрпаққа тың мүмкіндіктер беріп, әлеуетін асыруға бағытталған ортақ құрылымдар қалыптастыру – өзекті міндет, – деп қосты Тоқаев.
Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы ықпалдастықты дамыту, бір-бірінің аумағында білім ордаларының филиалдарын және ортақ факультеттер ашу ісіне барынша қолдау білдіреді. Біз көрші елдер жастарының Қазақстанда жоғары білім алуға деген ұмтылысын жоғары бағалаймыз және олардың өз университеттерімізде оқуына берілетін квота санын біршама арттырамыз. Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында Орталық Азиядан келген 9 мыңға жуық студент білім алып жүр, деп жалғастырды ол.
Оның айтуынша, кейінгі жылдары елімізде шетелдің бірқатар жетекші университеттің өкілдіктері ашылды. Ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының саны артып келеді. Технологиялық парктер мен инженерлік орталықтар ашылып жатыр. Бұл жұмыс Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатымыздың аясында жүргізіліп отыр. Еліміз жоғары білім берудің Орталық Азиядағы бірыңғай кеңістігін құру жолында күш-жігерін біріктіріп, сеніммен алға қадам басты.