Halyq Uni логотип
×

Президент: Орталық Азия – әлемдегі хал­қы ең жас өңірдің бірі

Аймақ тұрғын­дары орташа алғанда 28 жаста

 Қымбат Елтайқызы 08.08.2024 | 15:44
Президент: Орталық Азия – әлемдегі хал­қы ең жас өңірдің бірі
фото: Halyq Uni

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Орталық Азияның ең маңызды және ең құнды ресурсы – білімді жас ұрпақ. Орталық Азия – әлемдегі хал­қы ең жас өңірдің бірі. Аймақ тұрғын­дарының орташа жасы – небәрі 28,7. БҰҰ-ның болжамына сүйенсек, 2040 жылға қарай азаматтарымыздың орташа жасы одан әрі төмендеп, 28,3-ке жетеді. Бұл – Солтүстік Америка (41,5), Еуропа (46,8), Қытай (48) сияқты басқа өңірлерге қатысты болжамдардан әлдеқайда төмен көрсеткіш, деді мемлекет басшысы.

Мұны бес елдің де экономикалық және әлеуметтік дамуына кең жол аша­тын бірегей бәсекелік артық­шы­лық деу­ге болады. Жастар экономика, технология және мәдениет сала­ла­рын­дағы жаңару үдерістерінің қоз­ғау­шы күші бола алады. Жаһандық бәсе­келестік жағдайында табысқа жету­дің кілті өскелең ұрпақтың қолында. Осы орайда ғылым-білім саласын­дағы ынтымақтастықты тереңдету, жас­тар арасындағы байланысты ны­ғайту және жас ұрпаққа тың мүм­кін­діктер беріп, әлеуетін асыруға бағыт­талған ортақ құрылымдар қалып­тастыру – өзекті міндет, – деп қосты Тоқаев.

Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы ықпалдастықты дамыту, бір-бірінің аумағында білім ордаларының филиалдарын және ортақ факультеттер ашу ісіне барын­ша қолдау білдіреді. Біз көрші елдер жастарының Қазақстанда жо­ғары білім алуға деген ұмтылысын жо­ғары бағалаймыз және олардың өз университеттерімізде оқуына бері­летін квота санын біршама арттырамыз. Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында Орталық Азиядан келген 9 мыңға жуық студент білім алып жүр, деп жалғастырды ол.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары елімізде шетелдің бірқатар жетекші университеттің өкілдіктері ашылды. Ғылыми зерт­теулерді жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының саны артып келеді. Технологиялық парктер мен инже­нерлік орталықтар ашылып жатыр. Бұл жұмыс Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыру жөнін­дегі стратегиялық мақсатымыздың аясында жүргізіліп отыр. Еліміз жоғары білім берудің Орталық Азиядағы бірыңғай кеңістігін құру жолында күш-жігерін біріктіріп, сеніммен алға қадам басты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама