Оған қатысты сот үкімі шықты
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында аса ірі мөлшерде заңсыз табыс тапқан кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іс құжаттарына сәйкес, кәсіпкер арнайы лицензиясы жоқ бола тұра, 2022 жылғы қыркүйектен бастап 2024 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде 615 млн 375 мың 63 теңгеге баламалы қаржыға USDT криптовалютасын сатып алып, оны одан әрі айырбастау пунктінің айналым қызметінде пайдаланып, осылайша, цифрлық активтерді қолма-қол ақшаға айырбастау арқылы аса ірі мөлшерде табыс тапқан.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен және қылмыстық іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді. Кәсіпкер болса өз кінәсін ішінара мойындады.
Сот үкімімен А. ҚК-нің 214-бабы 2-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, ҚК 50-бабының 3-бөлігі негізінде сотталушыға 5 жыл мерзімге қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымына байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.
Кәсіпкерден 615 млн 375 мң 63 теңге мөлшерінде заңсыз алынған табыс және мемлекет кірісіне өндірілген соманың 3%-ы мөлшерінде мемлекеттік баж өндірілді.