Іс-шараға 2 мыңнан астам спортшы қатысады
Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама спортшылары осы күзде Астана қаласында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындалып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына деген дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр. Біз Ыстанбұл қаласында, кейін Бурабай қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп үлгердік. Ал қазір дайындық жұмыстарын Қырғызстанда жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Мен жалпы бұл спорт түрімен 11 жылдан бері айналысамын. Тоғызқұмалақ өмірімнің бір бөлігіне айналды десем де болады, – деді тоғызқұмалақтан ҚР ұлттық құрама спортшысы Ерсұлтан Әуелбай.
Тоғызқұмалақтан ҚР ұлттық құрама спортшысы Ернұр Мерешев бұл спорт түрімен 20 жылдан бері айналысып келеді. Ол тоғызқұмалақ спортын мектеп қабырғасынан бастап үйрету керек дейді.
Тоғызқұмалақ ойлау қабілетіне өте жақсы әсер етеді. Мысалы үйірмеге қатысатын балалардың математика пәнінен үлгерімдері өте жақсы, – деп атап өтті Ернұр Мерешев.
Ал тоғызқұмалақтан ҚР ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаеваның айтуынша, тоғызқұмалақ, овари (Батыс Африка халықтарының ойыны) және мангала (түрік халқының зияткерлік ойыны) зияткерлік ойындарына қатысу үшін әлемнің 50 елінен спортшылар келеді деп күтіледі.
Еске сала кетейік, Республикалық «Тоғызқұмалақ» федерациясы – Ұлттық спорт қауымдастығының серіктесі. Қауымдастық құрамына «Бәйге», «Көкпар», «Теңге ілу», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және тағы басқа федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.
Айта кетсек, 8-13 қыркүйекте Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың бас серіктесі – Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.