Шарада қолөнер бұйымдары қойылып, жәрмеңке ұйымдастырылған
Астанада Ташкент мәдени күндері өтіп жатыр. Көрші ел өкілдері елорда тұрғындарына ұлттық қолөнер бұйымдары мен өзбек тағамдарын ұсынды. Сондай-ақ, көрме аясында Өзбекстанда өсірілген жемістер мен көкөністердің жәрмеңкесі ұйымдастырылған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қазақстандық бауырларға біздің елде не өсетінін, қандай ас дайындалатынын көрсетіп, мәдениетімізбен таныстырғымыз келді. Көрмеде жемістер қойылған, палау, самса, барбекю, халим, нарын сынды ұлттық тағамдарымыз арзан бағамен сатылады. Мәселен, самса 300 теңгеден, палау 500 теңгеден, кебаб 500 теңгеден, – деді Абдулла есімді өзбек аспазы.
Ұлттық тағамдар елорда тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды, палауға кезекке тұрған жұрттың қарасы қалың.
Одан бөлек, тандыр нанның сан түрінен құрастырылған конструкция көрермен көзін қызықтырмай қоймады.
Жәрмеңкеде көкөністер, қауын-қарбыз, алма-өрік, жүзім мен жеміс-жидектің басқа да түрлері бар.
Сондай-ақ, ташкенттік дизайнерлер ұлттық стильдегі сөмкелер мен аксессуарлар брендін әкелген. Ондағы киімдер табиғи маталармен қолдан тігілген. Одан бөлек, рюкзактар, косметикалық сөмкелер, ұлттық стильдегі сырғалар ассортименті де бар.
Оған қоса, қолөнер бұйымдары да қалыс қалмаған. Қолдан жасалған сөмкелер, әмияндар, шоперлер, шапандар көрмеден көрініс тапқан.
Сонымен қатар, жәрмеңкеде зергерлік бұйымдар да қамтылған. Ал үлкен сахнада қала тұрғындарына арнап Өзбекстаннан келген әншілер өнер көрсетті.