×

Павлодарда тағы бір түнгі клубқа қатысты дау шықты

Полиция ұлтаралық жанжал болғанын жоққа шығарып отыр

 Данияр Айтпайұлы 08.06.2022 | 17:03
скриншот: видео

Павлодар қаласындағы «Мажор» атты түнгі клубтың алдында жаппай төбелес болған. Мекеменің күзетшілері жабылып, үш жігітті соққыға жыққан. Оның бірі медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болды.

Куәгерлер түсірген жаппай төбелестің видеосы әлеуметтік желілерге тарап кетті. Көп ұзамай желі қолданушылары «кикілжің ұлтаралық жанжал салдарынан болған» деген ақпарат таратты.

Бірақ Павлодар облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров бұған ұлтаралық қақтығыстың қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ал жаппай төбелеске қатысушылар тиісті жазасын алмақ.

«Бір топ жас сол түнгі клубта туған күн атап өткен. Таңғы бестер шамасында олар далаға шығып, араларындағы қыздарды шығарып салмақшы болған. Бірақ, араларында үш жігіт қайтадан түнгі клубқа кірмекші болады. Күзетшілер мекеменің жабылғанын айтып, кіргізбей қояды. Жәбірленушілер оған көнбей, клубтың есігін тарсылдатып теуіп, кіргізуді талап етеді», – Жасқайрат Қайыров.

Осы уақытта іштен бес күзетші шығып, кикілжің соңы жаппай төбелеске ұласады. Түнгі клубқа келушілер соққыға жығылған. Қазір аталған факті бойынша тергеу жүруде. Түнгі клуб күзетшілерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал соққыға жығылған жігіттерге қатысты бұзақылық бабы бойынша әкімшілік іс қаралуда.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін шаһардағы тағы бір түнгі гастро-барға қазақ ұлтының азаматтарына кіруге шектеу қойылғаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Аталған мекеме уақытша жабылып, тергеу жүргізілді. Қазір гастро-бар қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама