Таксист бір айда миллион тапты
Таза табыс - 1 136 000, 85 теңге
Әлеуметтік желіде таксистердің табысы туралы мәлімет көптеп шығып жатқаны белгілі. Қазір елімізде такси қызметін көрсетіп, адамды баратын жеріне апарып, ақша тауып жүрген азаматтар көп. Өте көп деуге болды. Қолда бар деректерге қарағанда, таксистердің табысы айына 200 000 – 300 000 теңгеден бастап миллион теңгеге дейін барады.
Жақында белгілі журналист, блогер Дәулет Мұқаев та өзінің Instagram-дағы парақшасында такси қызметінен миллионнан аса теңге тапқан азамат туралы мәлімет берді.
«Таксист болып, 1 миллионнан астам ақша табуға болады. Көлік жүргізіп, дәл осындай табысты менің бірнеше оқырманым табуда. Әрекетке берекет деген осы. Бастысы адал еңбек. Жалқаулық жаратқанға ұнамайды! Тірі адам тіршілік ету керек», - деп жазды ол.
Видеода таксист блогерге бір айда 1 136 000, 85 теңге таза пайда тапқанын айтқан. Ал комиссиясы, яғни такси паркінің ұстап қалған ақшасы 289 000 теңге болған.
Осы жазбаның астына блогердің оқырмандары да таксист жігітке ризашылықтарын білдірген. Кейбірі осы маңдай термен тапқан ақшаның комиссиясының өз елімізде қалмайтынына, оның Ресейге төленетініне наразылықтарын да жасырмаған.
«Менде сұрақ, неге Қазақстанның программистері жиналып, Яндекс сияқты программа жасамайды? Неге Ресейге ақша төлейміз? Осы Яндексті жас жігіттер жасаған ғой», - десе, тағы бір желіні қолданушы: «Қазақстандық қосымша жасап шығу керек. Басқа біреу шетелде отырып 289 000 теңге комиссиясын алып жатыр. Бұл бір ғана таксистің ақшасының өзі. Қазақтар осындай қосымша шығарсын. Сосын соларды қолдайық», - деп жазған.