Halyq Uni логотип
×

Биыл Қазақстанда тегін тамақтанатын оқушылардың саны артады

Тұрмысы төмен 510 мың отбасыға көмек көрсетіледі

 Дәурен Ерболат 06.08.2024 | 12:34
Биыл Қазақстанда тегін тамақтанатын оқушылардың саны артады
Фото: Halyq Uni

Биыл тегін тамақтанатын оқушылардың саны 100 мыңға артып, 1,7 млн-ға жетеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ведомство басшысы жаңа оқу жылына дайындық қалай жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Биыл 1 қыркүйектен бастап 7,9 мың білім ұйымында 3,9 млн бала білім алады, оның 360 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Бүгінде өңірлерде оқулықтармен қамтамасыз етуі деңгейі 90% болды. 25 тамызға дейін оқушыларды оқулықтармен толық қамтуды барлық өңірде аяқталуға тиіс, - деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.

Сондай-ақ министр 2024 жылы тегін тамақтанатын оқушылардың саны артатынын атап өтті.

Биыл қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы тегін тамақтанатын болады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 100 мың балаға артық. Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Биыл да 510 мың баланы мектепке дайындалуға қажет көмекпен қамту көзделген. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен қажет қаржы қарастырылып отыр, - деді ол.

Еске салсақ, Қазақстанда «Әлеуметтік әмиян» арқылы мектептерде тегін тамақтандыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Ол eGov Mobile қосымшасында жұмыс істейді. Жобаны Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп әзірлеген. Жоба ата-аналарға бұл қызметті проактивті түрде қолдануға, балаларының мектеп асханаларына баруын бақылауға және жеңілдікпен тамақтану үшін цифрлық ваучерлерді пайдалануға мүмкіндік береді.

 

 

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама