Астанада әйел терезеден секірмек болды
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
Учаскелік полицейлер төртінші қабаттан секірмек болған әйелді құтқарды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтанның полиция департаменті.
102 арнасына куәгерлерден Шонанұлы көшесі бойында әйелдің 4-ші қабаттан секіргелі тұрғаны жайлы қоңырау түскен. Оқиға орнына тәртіп сақшылары мен шұғыл қызметтер дереу келген.
Біз оқиға орнына барғанда 4-ші қабат терезесінде аяқтарын салбыратып отырған бір әйелді көрдік. Ол төмендегі жиналғандарға «секіремін» деп қатты айқайлады. Ол бір қадам жасағанда – қайғылы жағдай сөзсіз орын алар еді. Оның өмірін бірнеше секунд қана шешті. Мен тез арада үйдің кіреберісіне жүгірдім. Ал менің серіктесім жағдайды бақылап, әйелді сөйлесу арқылы алдандыру үшін төменде қалды. Қабатқа көтерілген соң есікті қаға бастадым. Қаққан кезде есік ашылып кетті де, мен ішке кірдім. Бірте-бірте әйелге қарай жақындадым да, арқасынан ұстап, ішке тартып кіргіздім, - дейді сақшы Нұрбол Айдар.
Мән-жайды анықтау үшін әйел Байқоңыр ауданының полиция бөліміне жеткізілді. Оған психологиялық көмек көрсетілді. Оқиға болған кезде оның мас болғаны анықталды. Тәртіп сақшылары 39 жастағы әйелді осындай әрекетке қандай жағдай итермелегенін анықтап жатыр.
АҚШ-та суицид жасамақ болған әйелді қазақ азаматы құтқарып қалды.