Мектептер мен балабақшаларда балалар қауіпсіздігіне қатысты талап күшейді
Осы бағытта бірқатар шара қолға алынды
Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бүгінде Қазақстанда 7859 мектеп бар, онда 3,9 млн бала білім алады. Үшауысымды мектептер мен оқушы орнының жетіспеушілігін жою мақсатында биыл 302 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Осы тамыз айында жаңа оқу жылы басталғанға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша алғашқы 20 нысан пайдалануға беріледі, деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігі.
Балаларға жайлы орта қалыптастыру мақсатында 280 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Су тасқыны салдарынан зардап шеккен нысандар қайта қалпына келтірілуде. Сонымен қатар, 1731 мектепке Starlink жерсеріктік интернеті қондырылды, ал шекара маңындағы 137 мектепте терминалдарды жандандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мемлекеттің басым міндеті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау болып қала береді. Өртке қарсы және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дабыл түймесінің, бейнебақылау жүйесінің, турникеттердің және лицензияланған күзеттің міндетті болуы жөніндегі талаптар күшейтілді. Алғашқы рет білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен барынша жарақтандыру қамтамасыз етілді, – деді министр.
Заманауи 1000 пәндік кабинетпен жарақтандыру, 1000 ауыл мектебін 7 бағыт бойынша жаңғырту бойынша жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл робототехника, химия, биология, физика және STEM-зертхана бойынша 1383 кабинет сатып алу жоспарланған.