×

Үш күн ішінде 68 онкологияға күдік жағдайы анықталды - ДСМ

 Халық үні 06.08.2024 | 07:53
фото: дереккөз

Өкпе обырының профилактикасына және ерте анықтауға арналған Ашық есік күндерінде 2 897 науқас дәрігерлердің консультациясын алды, деп хабарлайды Halyq Uni Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары белсенділік танытты. Онда 1 209 адам өкпесін тексеруге келген. Екінші орында – Ақмола облысының тұрғындары (онкология орталығына 389 адам жүгінген). Ал үшінші орында – Қызылорда облысы, онда 373 тұрғынға консультациялық көмек көрсетілді.

Барлық тексерілгендердің 68-інде обырға күдік, 83-інде обырға дейінгі жағдайлар анықталды. Диагнозды түпкілікті растау немесе жоққа шығару үшін пациенттер одан әрі тереңірек диагностикаға жіберіледі.

Сондай-ақ консультациялар барысында 712 басқа ауру анықталды. Барлығы 836 түрлі зерттеулер мен талдаулар жүргізілді (КТ, ультрадыбыстық, биопсия және басқалар).

Өкпе обыры – Қазақстандағы ең көп таралған онкологиялық аурулардың бірі. Жыл сайын шамамен 3 500 жаңа жағдай анықталады. Бұл аурудың негізгі себебі – темекі шегу. Бұл барлық жағдайлардың шамамен 90%-ын қамтиды.

Қазақстандық онкологтар 45-69 жас аралығындағы темекі шегушілерге жыл сайын өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясын (ТДКТ) тапсыруды ұсынады. Бұл әдіс обыр ауруын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді және сәтті емдеу және қалпына келтіру мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.

Ашық есік күндері 1-3 тамыз аралығында Қазақстанның мемлекеттік онкологиялық ұйымдарында өтті. Іс-шара Дүниежүзілік өкпе обырына қарсы күрес күніне орайластырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама