Жоба Сенатқа жіберілді
Бүгін Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналаған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданды.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның айтуынша, бұл заң жобасында шығармашылық одақтар шырылдап жүрген қаржыландыру мәселесі заң жүзінде шешіледі.
Былтыр 23 маусымда ол «Ақ жол» партиясы фракциясының атынан Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа еліміздегі шығармашылық одақтарды қаржылық қиындықтан құтқару мәселесін көтеріп, депутаттық сауалын жариялаған еді. Оның алдында дәл осы қоғамдық ұйымдардың мәселесі бойынша Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени комитеті арнайы республикалық дөңгелек үстел өткізген болатын.
Осыдан кейін Мәжілісте аталмыш заңға өзгерістер енгізу жайлы жұмыс тобы өз жұмысын қорытындылады. Биыл бұдан үш ай бұрын бұл заң жобасының бірінші оқылымы қабылданған болатын. Енді бүгін екінші оқылымы қабылданып, Сенатқа жіберілді.
Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жылы Шығармашылық одақтарды қолдау қоры құрылған еді. Қазір бұл қордың жұмысы әлі жүрмей жатыр. Шығармашылық одақтар шырылдауда, қаржы жоқ деп, ал Мәдениет министрлігіндегі шығармашылық одақтарды қолдау үшін бюджеттен бөлінген 257 миллион теңге де игерілмей қалды.
Себебі, шығармашылық одақтар құжаттары конкурстық талаптарға сәйкес келмеді дейді министрлік. Өздері күн көре алмай отырған шығармашылық одақтар осылай құдайдың өзі жіберіп тұрған өздеріне тиесілі сыбағасынан айырылып отыр.
Негізінен, шығармашылық одақтардың қиын жағдайы оларды қаржыландыру тетіктерінің заңнамалық тұрғыда тиімді жолға қойылмағандығынан болып отыр.
Шығармашылық одақтардың мұңын да, министрліктердің жырын да түсінуге болады. Өйткені, біздің заңымыз бойынша ұлттық мүддемізді қорғауға рухани нәр беретін, ұлтшыл рухты ұрпақтар тәрбиелейтін Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер, театр, кино одақтары, яғни Ұлттық тәрбиеге үйрететін одақтар мен ...ит үйрететін одақтардың рөлі бірдей. Мұндай 22 мың ұйымның бәріне бір көзбен қарап отырғанда, бұл мәселе ешқашан шешілмейді.
Сондықтан, Ұлттық болмысымызды қалыптастыруда маңызы зор шығармашылық одақтардың рөлін арттыру үшін мемлекеттің стратегиялық серіктестігі ұғымын енгізу кезек күттірмес мәселе деп білеміз.
«Құдай қаласа, шығармашылық одақтарға да шыр бітер жағдайға жетерміз деп ойлаймыз, - деді Қазыбек Иса.