Уақтылы шара қабылдамаған лауазымды адамдар жауапқа тартылды
Қостанай облысында 19 агрессордың қаруы алынып, оны ұстауға рұқсатының күші жойылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, қала тұрғыны сот қаулысымен отбасындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған қатысты қорғау ұйғарымы шығарылған. Алайда уәкілетті орган оның қару ұстау рұқсатын тоқтату жөнінде шаралар қабылдамаған.
Айта кетсек, әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске сәйкес, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылықтар жасау азаматтық қару айналымы саласындағы рұқсаттың қолданылуын тоқтату үшін негіз бола алады.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 494 бұзушы тиісті білімін тексеруге жіберіліп, 19 агрессордың қаруын алып қою арқылы рұқсаттарының күшін жою жөнінде шаралар қабылданды. Тиісті бақылаудың жоқтығы және уақтылы шаралардың қабылданбағаны үшін кінәлі лауазымды адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - делінген прокуратура хабарламасында.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың екінші жартыжылдығында тұрмыстық жанжалдар туралы 50 мыңнан астам өтініш түскенін хабарлаған болатынбыз.