Алтын өңдеумен заңсыз айналысқан 20 шақты цех жойылды

Динара Амантай

Қылмысқа комбинаттың бұрынғы қызметкерлерінің қатысы болған

Фото: видеодан скриншот

Биыл бірқатар өңірде құрамында алтыны бар материалды қайта өңдеу бойынша 19 заңсыз цех жойылып, ондаған тонна кен тәркіленді, деп хабарлайды Halyq Uni Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Полиция қызметкерелрінің  мәліметінше, шілдеде Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері жедел іс-шаралар өткізіп, "Алтыналмас" АҚ "Ақбақай" комбинатының аумағында құрамында алтыны бар кенді ұрлаумен айналысқан күдіктілерді ұстады. Іздеу іс-шараларының нәтижесінде Ақбақай, Мойынқұм, Бірлік кенттерінде 11 заңсыз ұсақтау цехы анықталды. Онда кен мен тастарды өңдеуге арналған арнайы жабдық, алтын, қаражат, сондай-ақ тоғыз атыс қаруы мен мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. 

“Қаракөз” карьерінің аумағында заңсыз кен іздеушілердің екі бригадасы ұсталды. Олардың құрамындағы 17 адам шахталарда кенді заңсыз өндірген. Барлығы дерлік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Бұдан басқа, арнайы іс-шараларды өткізу кезінде "Ақбақай" комбинатының аумағынан құрамында алтыны бар 600 қаптан астам шикізатты ұрлау фактісі анықталды. Оған комбинаттың бұрынғы қызметкерлерінің қатысы болған. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Комбинаттың қауіпсіздік қызметімен бірге ұсталғандардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.