Halyq Uni логотип
×

Шымкент тұрғыны үш айлық сәбиін аяусыз теуіп, әйеліне пышақпен ұмтылған (ВИДЕО)

Тергеушілер ана мен баланың видеосы интернетке салынған соң, ауруханаға түнгі 2-де барған

 Халық үні 03.08.2024 | 23:15
Шымкент тұрғыны үш айлық сәбиін аяусыз теуіп, әйеліне пышақпен ұмтылған (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек үш айлық сәбиін теуіп, лақтырып жіберген, артынша әйеліне пышақ ала жүгірген ер адам туралы айтты, деп хабарлайды Halyq Uni Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, зардап шеккен сәби мен әйелді аурухана қабылдамай қойған.

Неге жалғыз менің жүрегім ауруы керек? Ел қандай істерде жүретінімді көрсін. Түнгі сағат 4:00-те «Роща ауруханасы ана мен баланы қабылдамай жатыр» деп хабарласты. Құдайдан қорықпайтындар «Айгүл Орынбек келеді» деген соң ғана көмек бере бастаған. Бірақ өте кеш, бала басына қан кетіп, реанимацияға түскен. Үш айлық баланы теуіп, лақтырып, әйеліне пышақ ала жүгірген оңбаған әлі қамауда емес. Әшейінде басқаларды бірден қамауға алатын прокуратура бұл жолы нені күтіп отырғанын білмеймін, - дейді құқық қорғаушы.

Сондай-ақ ол құқық қорғау органдары кішкентай қыздың іздеушісі жоқ деп, 53 жастағы еркекті ақтап алғысы келіп жатыр ма екен деген ойын да айтты.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен Шымкент прокуратурасы қалай күресіп жатқанын көріңіздер! Ауруханаға барса «адам көп, үйлеріңе қайтыңдар» деген дәрігерді жазалау керек. Шымкентте бала құқығын қорғайтын омбудсмен бар ма өзі? - дейді Айгүл Орынбек.

Арада көп ұзамай, осы жазбадан соң Айгүл Орынбек ІІМ басшысы Ержан Сәденовті белгілеп, тағы бір жағдайды айтты.

Ана мен баланың видеосы интернетке салынған соң, тергеушілер түнгі 2-де ауруханаға келіп тұр. Түн ішінде анасын барып мазалаңдар деп тергеушіге бұйрықты кім берді? Күндіз келіңіз, түнде мазалауға хақыңыз жоқ десем, тергеуші дөрекілік танытып отыр.

Түнгі екіде келіп, қорғаушысыз, заңгерсіз ауруханада жатқан ананы мазалауға ешкімнің хақысы жоқ. Күндіз бойы не істедіңдер?» - деп жазды заңгер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама