×

Қазақстанда төтенше жағдай режимін бұзған 1,5 мың адам жазаланды

Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді

 Халық үні 10.01.2022 | 13:14
коллаж: halyq-uni.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен шұғыл әрекет ету штабының кезекті отырысы бейнебайланыс режимінде өтті. Жиын барысында Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Ішкі істер және Қорғаныс министрлерінің міндетін атқарушы тұлғалар баяндама жасады.

Мемлекет басшысына құқық қорғау органдары мен Қарулы күштердің еліміздегі жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдаған белсенді шаралары туралы баяндалды. Адамдар мен көліктерді тексеру, сондай-ақ стратегиялық нысандарға бақылау орнатуды жүзеге асыру мақсатымен елді мекендер аумағына 93 блокбекет қойылды, – дейді Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа заң талаптарына бағынбау және аса маңызды әрі стратегиялық нысандарға шабуыл жасау фактілерінің қатаң түрде жолы кесілгені жөнінде мәлімет берілді. Алматыда «Барлық» және «Алтын Орда» базарларын тазарту барысында 207 адам ұсталды. Олардан ұрланған 5 автокөлік, қару-жарақ, оқ-дәрілер, қалқандар тәркіленді.

Елордада алдын алу шаралары жүргізілуде. Оның барысында аулалар мен пәтерлердің тыныштығы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ тәулік бойы автопатруль күзетеді. Жалпы еліміз бойынша төтенше жағдай режимін бұзған 1,5 мың адам жауапқа тартылды, – делінген ақпаратта.

Мемлекет басшысына негізгі күш-жігердің қазіргі уақытта террористердің мекенжайын анықтап, ұстау жөніндегі шұғыл шараларға бағытталып отырғаны баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру ісін жалғастыра беруді, сондай-ақ аталған жұмыстар бойынша ақпараттық қолдау көрсетуді күшейтуге тапсырма берді, – делінген мәліметте.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама