×

Бюджетті бақылау, әлеуметтік мәселені шешу: Түркістан мәслихаты немен айналысады?

Облыстық мәслихатта 46 депутат бар

 Халық үні 02.08.2024 | 17:48
фото: Halyq Uni

Биыл – Қазақстандағы мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл. Бүгінде жергілікті мәслихаттар мемлекеттік органдардың жұмысына қоғамдық бақылауды жүргізудегі басты органға айналды, деп хабарлайды Halyq Uni

Қазақстандағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын әр өңірде іске асыруға жергілікті мәслихат депутаттары белсенді қатысып жатыр. Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішевтің айтуынша, мәслихат депутаттары да елмен барынша ашық диалог жүргізіп, халықтың пікірін қолдау мен  тұрмыс сапасын жақсарту жолында тиісті жұмыстар атқарып келеді. Оның пікірінше, елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етуде мәслихат маңызды рөл атқарады. Мәселен, облыстың сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихат осы күнге дейін 11 сессия өткізген.

Сессия барысында облыстың бюджеті, оның атқарылуы, өңірдің даму бағдарламалары мен жоспарлары, атқарушы органдардың есебі және тағы басқа да түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді қарап, 152 шешім қабылдады. Қабылданған әр бір шешім алдын-ала міндетті түрде мәслихаттың тиісті тұрақты комиссияларында егжей-тегжейлі пысықталып, содан соң сессияларда талқыланды. Бүгінде облыстық мәслихатта бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы, әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика, кәсіпкерлікті, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғат пайдалану мәселелері  жөніндегі үш тұрақты комиссия жұмыс істейді. Тұрақты комиссиялар өңірдің дамуына, қоғам өміріндегі түйіткілді мәселелердің оң шешім табуына белсене қатысып, облыстық мәслихат  шешімдерінің орындалуын тұрақты түрде бақылап отырады, -деді ол.

Сондай-ақ халықтың ұсыныс тілектері бойынша қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде мәслихаттардың орны ерекше екенін атап өтті. Бүгінге дейін мәслихат қабырғасында 13 жиын өткізіліп, тиісті органдарға  24 хаттамалық ұсыныстар берілген. Берілген ұсыныстардың 15-і орындалып, 9-ы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Облыстық мәслихатта 46 депутат бар. Әріптестерімнің барлығы сайлаушыларының аманатына адал. Хал-қадірлерінше ел өміріндегі өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысып келеді. Бүгінде облыстық мәслихаттың белсенділігі жоғары әрі сайлаушылармен байланыс нығая түскен.  Мәслихат депутаттары қоғамдық, жеке қабылдаулар және  түрлі  мәселелер бойынша мәслихат қабырғасында жиындар өткізіп, олардың шешілуіне өз құзыреттері шегінде жұмыстар жасайды. Айта кетейік, жылдың басында Түркістан облыстық мәслихат депутаттары өңірдің 17 қаласы мен ауданын аралап, халық алдында есеп берді. Соның ішінде Шардара, Келес, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласындағы кездесулерге өзім де қатыстым. Біздің мақсатымыз – тұрғындарды мазалайтын мәселелерді тыңдап, өзекті мәселелердің шешілуіне оң ықпал ету және атқарылған жұмыстар туралы ақпарат беру еді, - деді мәслихат төрағасы.

Оның айтуынша, бұған дейін депутаттардың халық алдында мұндай есеп беру кездесулері болмаған.

Жалпы, халық қалаулыларының аудандарға келіп есеп беруін жергілікті тұрғындар жоғары бағалап, осындай кездесулерді құптайтындықтарын жеткізді. Әрбір кездесуде көтерілген  мәселелердің барлығы хаттамаға еніп, олар бойынша тиісті шаралар қабылданды. Оның ішінде маңызды 23 мәселені тұрақты бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді спикер.

Сондай-ақ мәслихат төрағасы сайлаушылардың қандай мәселелермен жиі жүгінетінін де айтты. Оның сөзінше, сайлаушылармен кездесу оларды алаңдатқан өзекті мәселелерді білуге мүмкіндік береді.

Елмен кездесу кезінде халықты мазалайтын мәселелердің көпшілігі әлеуметтік  салаға  қатысты екендігін байқаймыз. Яғни мектеп, спорт алаңы, мәдениет үйін, денсаулық сақтау мекемелерін салып беруді сұрайды. Сондай-ақ ауыз су, сапалы жол, жылдамдығы жоғары интернет, электр энергиясы, табиғи газ, жұмыспен қамту сынды мәселелер де көтеріледі. Әрине, халық қалаулылары тұрғындар көтерген барлық  мәселелерді назарға алып, олардың шешу мақсатында тиісті жұмыстарды ұйымдастырады. Мәселен, Арыс қаласында өткен кездесуде тұрғындар Қабылсай елді мекеніне қойылған жарық шамдарының электр энергиясына қосылмағанын айтты. Бұл мәселені жергілікті тұрғындар 1,5 жылдан бері көтеріп жүр екен. Біз осы мәселені толықтай зерделеп, жылдам шешілуіне атсалыстық. Нәтижесінде Қабылсай елді мекеніне орнатылған 67 жарық шам түгелімен электр энергиясына қосылды. Жалпы, тұрғындар көтерген барлық мәселелер біздің бақылауымызда болады және мәселелер шешілгенге дейін назарда ұстаймыз, - деп толықтырды ол.

Сонымен қатар Нұралы Әбішев халық көтерген көптеген мәселелердің шешімі бюджетке келіп тірелетінін айтты.

Сондықтан, облыстағы түсімді көбейту өте маңызды. Бүгінде облыс әкімдігі қосымша кіріс көздерін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту, зауыт-фабрикалар ашуға басымдық беріліп, түрлі жобалар қолға алып жатыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген.  Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Мәселен, жақында ғана облыс әкімі бастаған делегациямен Қытай еліне барып, бірлесе үлкен жобаларды іске асыру бойынша келісім жасадық. Әрине, түпкі мақсат өңірімізге инвестиция көп тарту арқылы экономикамызды дамыту. Демек, экономикамыз одан әрі қарқынды дамыса, халық көтеріп жүрген  мәселелер де жылдам шешілетіні анық, - деді спикер.

Бүгінде жергілікті мәслихаттар өңірдің бюджетін қалыптастырып, оның әр тиыны қалай жұмсалып жатқанын қадағалап отыратын басты орган. Нұралы Әбішев мәслихаттың бюджет қаржысын бақылаудың қалай жүргізіп отырғанына тоқталды.

Өздеріңіз білетіндей, мәслихаттар – өңірлерді дамыту бойынша шешімдер қабылдау тұрғысынан маңызы өте зор. Сол қабылдайтын шешімдердің ең маңыздысы – облыстың бюджетін және олардың атқарылуы туралы есептерді бекітеді. Яғни, мәслихаттардың құзіретіне  жергілікті бюджеттің, аумақты дамыту бағдарламаларының атқарылуына бақылау жасау және тексеру комиссияларының бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есебін қарау жатады. Осы мақсатта, биылмаусымда өткен сессияда облыс әкімдіктің  және облыстық тексеру комиссиясының 2023 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебін тыңдап, тиісті шешім қабылдап, бірқатар ұсыныстар енгіздік. Оның орындалуын бақылау облыстық мәслихаттың бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелді. Жалпы, маслихат тарапынан осылай бюджеттің тиімді жұмсалуы қадағаланып отырады, - деді ол.

Оның пікірінше, соңғы жылдары елімізде жергілікті деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін біршама кеңейту мен қосымша құзіреттер беріле бастады. Мәселен, сессияда қабылданған шешімдердің халыққа қолжетімді, ашық болуы үшін мәслихат отырыстарының міндетті онлайн-көрсетілім тәжірибесі енгізілді.

Түркістан облыстық мәслихаты бұл жұмыстарды алғашқылардың бірі болып іске асырды. Бүгінде мәслихат сессияларының барлығы «Youtube» платформасында онлайн-көрсетілімдері жүзеге асырды. Мәслихат отырыстарының мұндай көрсетілімдерінің өткізілуі – халық пен билік арасын жалғап, өңірдің дамуына бағытталған істерді келісе атқаруға арналған ашық алаң ретінде қалыптасуына зор үлес қосты. Сонымен қатар, депутаттардың жылына бір рет барлық аудан, қалаларда халық алдында есеп берулері қолға алынды. Одан бөлек, депутаттардың тұрғындарды қабылдау кестелері бекітіліп, ай сайын жеке қабылдаулар мен қоғамдық қабылдаулар өткізеді, - деді Әбішев.  

Айта кетейік, Түркістан облыстық мәслихатына биыл өңір тұрғындарынан 98 өтініш (оның 83-і жеке, 15-і заңды тұлғадан) түскен.

«Барлық арыз-шағымдар бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде жұмыстар жүргізіліп, өтініш иелеріне мерзімінде жауап берілді. Жалпы, облыстық мәслихат барлық мемлекеттік органдармен және облыс тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Сондықтан коммуникация мәселесі тиімді жолға қойылған деп айта аламын», - деді мәслихат төрағасы.

Автор: Пернебай Сапар

Серіктес жаңалықтары

Сараптама