«Айка» ісі: Нұрбол Теңізбаевтың да жазасы өзгеріссіз қалды
Теңізбаев 12 эпизод бойынша «жеңгетайлыққа» көмектесті деп танылды
Алматы қаласы сотында атышулы «Айка» ісі бойынша екі тұлғаға қатысты қылмыстық іс қайта қаралып, олардың шағымы қанағаттандырылмады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұған дейін бірінші сатыдағы сот Айғаным Мырзахметованы (Айка) аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз алу, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ, 52 эпизод бойынша «жеңгейтайлықпен» айналысу (ҚК 296-бабының 4-бөлігі, 309-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы) бойынша кінәлі деп танылып, 6,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді.
Ол үкімге шағымданғанымен, 24 шілдеде апелляциялық сот жазасын өзгертпеді.
Ал Нұрбол Теңізбаев 12 эпизод бойынша «жеңгетайлыққа» көмектесті деп танылып (ҚК 28-бабының 5-бөлігі, 309-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы), 3 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын арқалаған.
Осыдан соң сот үкіміне апелляциялық шағым берген.
Апелляция қылмыстық істі зерттей отырып, сотталғандарға қатысты айыптаудың толық расталғанын атап өтті.
Іс материалдарына қарағанда, 2023 жылдың мамырында Мырзахметова аса ірі мөлшерде мефедронды психотроптық затты заңсыз сатып алып, өзімен бірге заңсыз тасымалдаған. Ұсталған сәтінде полиция қызметкерлері сотталушының сөмкесінен психотроптық зат тәркілеген.
2020-2023 жылдар аралығында Мырзахметова Теңізбаевпен бірге «женгетайлық» ұйымдастырып, қыздарды интимдік қызмет көрсету үшін пайдаланған. Айка осы қызметтерден жеке өзіне немесе өз көмекшісі Теңізбаев арқылы пайыз алған.
Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптамалық қорытындылармен және іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді. Апелляция үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот үкімі заңды күшіне енді, – деп жазды Алматы қаласы соты.