Уақытты қайтару туралы петиция: жұмыс тобының алдын ала шешімі шықты

Ербол Тұрымбет

Қазақстан 1 наурыздан бастап бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне көшті

Фото: Halyq Uni

Бұрынғы уақыт белдеуін қайтару жөніндегі петиция талабы қабылданбауы мүмкін. Осы мәселе бойынша қоғамдық тыңдау өткізген Сауда және интеграция министрлігі жанындағы жұмыс тобы алдын ала осындай шешім шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаевтың сөзінше, өтініш берушілердің бүкіл айғағы қарастырылған. Бірақ бір де бірі дәлелін таппаған. Оның үстіне, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халықтың денсаулығына кері әсерін тигізгені, жұрттың күш-қуатын бұрынғыдан көп жұмсай бастағаны да расталмаған.

Мәселеге дәйек келтірген өзге министрліктердің ұстанымы да Балықбаевтың сөзімен ұштасып жатты. Денсаулық сақтаудың бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, министрлік өзге елдердің уақытты өзгерту тәжірибесін зерттеп көрген. Нәтижесінде ғылыми деректер мен ғалымдардың қорытындысына қарап, уақыттың бір сағатқа өзгеруі денсаулыққа айтарлықтай әсер ете қоймайды деген байламға келген.

Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына хабарласқанда ондағы ғалымдар адам денсаулығы үшін күн уақытына ең жақын келетін тұрақты уақыт белдеуін қолдануды ұсынған.

Зерттеуді қысқаша оқып берейін: қыста және жазда бір сағатқа ауысу адамдардың көпшілігінде денсаулығына аса өзгеріс әкелмейтіні расталды. Адам ағзасы уақыт өзгерісіне белгілі бір уақыт ішінде, соншалық ұзақмерзімді салдарына ұшырамастан бейімделе алады, - деді ол.

Оның үстіне, ұйқыны реттейтін мелатонин гормонының көлемі де аса өзгере қоймайтынын, уақыт өзгергелі денсаулығына шағым айтып, медициналық ұйымдарға қаралған жандардың қатары артып кетпегенін айтты.

Әйтсе де елімізде толыққанды зерттеу жүргізуге уақыт тығыз екенін мойындады.

Ал Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаевтың айтуынша, оқушылар үшінші және төртінші тоқсанда жаңа уақытпен оқығанда ата-аналардан арыз-шағым болмаған. Дегенмен ендігі оқу жылының жаңа уақытпен басталатынына дайындалып жатқандарын мәлімдеді.

Өткен оқу жылында 15 өңірде сабақтар таңғы сағат 08:00-де басталған, оны жергілікті атқарушы органдар бекіткен.

Ендігі мәселе үш ауысымды мектептерден кеш қайтатын оқушыларға тіреліп тұр. Қазір 15 аймақта сондай 60-қа тарта білім ошағы бар. «Жайлы мектеп» жобасына байланысты олардың саны азаяды деген сенімде.

Айта кетейік, еліміз биыл 1 наурыздан бастап бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне көшкен еді. Соған байланысты Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары 1 наурызға қараған түні жергілікті уақытын 1 сағат кейін шегерді.

Осыдан соң қазақстандықтар e-petition.kz сайтында бұрынғы уақыт белдеулерін қайтаруды талап етіп, петиция жариялаған болатын. Ол қажетті 50 мың қол жинап, ақыры министрлік оны қарауға мәжбүр болды.