Базардағы бағадан екі есе арзан: Астанада «мектепке жол» жәрмеңкесінен не алуға болады? (ФОТО)

Гүлбаршын Нұрхан

Кәсіпкерлер биыл жәрмеңкеде былтырға қарағанда сауда жүрмей тұрғанын айтады

Фото: Halyq Uni / Жансерік Күзембай

Оқу жылының басталуына бір айға жуық уақыт қалды. Соған орай Halyq Uni тілшісі Астанадағы «Мектепке жол» жәрмеңкесіне барып, саудагерлер мен ата-аналардың пікірін біліп, жаңа оқу жылынадайындықтың қалай өтіп жатқанын білді.

Екі баланың оқу құралдарын алу үшін 15 мың теңге жұмсадым. Саудагерлер бағаны түсіріп бергеннің өзінде осылай шықты. Базар мен дүкендерге қарағанда жәрмеңкеден арзан бағаға алып тұрмын. Басқа жерде қарапайым дәптердің өзі 30-40 теңгеден сатылып жатыр. Былтыр екі балаға жалпы 100 мың теңгедей кетті. Биыл шамамен 150 мың теңге кетеді деп жоспарлап отырмыз. Өйткені бәрі қымбаттап кетті. Әрине, қиынға соғады, дегенмен балаларды киіндіріп, мектепке дайындау керек, - дейді жәрмеңкеде жүрген ата-ана.

Жәрмеңкедегі бағаларды салыстырып жүрген ата-ананың көпшілігі әлі балаларына керек-жарақты сатып алмағанын айтады.

«Былтыр бір костюмды 20 мың теңгеге алғанбыз, аяқ киімнің өзі 17 мың теңге шықты. Биыл бәрі қымбаттап кетті. Балаларымызға керек-жарақты биыл көп алмаймыз, былтырғыдан қалғанды да киеді деп ойлап отырмыз», дейді ата-ананың бірі.

Ал саудагерлердің бірі жәрмекедегі сауда былтырғыға қарағанда жай жүріп жатқанын айтады. Себебі халық қазір онлайн дүкендерден тапсырыс береді. Ал базардағы бағаға халықтың шамасы жетпейді. Соған байланысты саудагерлер бағаны түсіруге мәжбүр.

Сауда былтырғыдай жақсы жүріп жатқан жоқ. Себебі халық керек-заттарды онлайн дүкендерден сатып алады. Тауарлар тікелей Қытай мен Қырғызстаннан келетін болғандықтан жәрмеңкедегі баға да арзандады. Сауданың жүрмей жатқанының бір себебі – халықта ақша жоқ. Былтыр сауда жақсы болған. Тіпті бізге шілде айынан бастап сатып алушылар келіп, саудамыз жақсы жүрген еді, - дейді жәрмеңкедегі саудагер.

Кәсіпкерлердің бірі сауда-саттық тамызда қызатынын айтады. Сол кезде ата-аналар жаппай дайындықты бастап, керек-жарақты сатып алады.

Жәрмеңкеде дүкендер мен базармен салыстырғанда баға 50 пайызға арзандап кетті. Бір оқушы мектеп құралдарын алу үшін 7-8 мың теңге жұмсайды. Ал егер сапалы тауарлар мен керек-жарақтың бәрін алса 10-15 теңге кетеді, - дейді ол.