Алматы маңында алабайлар жеті жастағы қызды талап тастады
Қазір ол жарақат алып, ауруханада емделіп жатыр
Алматы маңында екі алабайдың шабуылынан кейін жеті жастағы қыз ауруханаға түсті.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің порталы хабарлады.
Оқиға 5 маусым күні Тұздыбастау ауылында болды. Алабай тұқымды екі ит 7 жастағы қыз баланы қауып алған. Бетінен және денесінен жарақат алған қыз ауруханада жатыр, - делінген хабарламада.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 114-бабының 3-бөлігі (денсаулыққа абайсызда зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Иттердің иесі 57 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды. Оның айтуынша, иттері арнайы қоршауда қамауда тұрады. Бірақ, оқиға болатын күні аулаға тамақтандыру үшін босатылған. Сол сәтте екі ит ауланың сыртына шығып кетіп, баланы талап тастаған. Иттердің иесі қыздың еміне қажетті көмек көрсетуге дайын екенін айтқан, - делінген хабарламада.
Талғар аудандық полициясының хабарлауынша, аталған факті бойынша барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Соның ішінде сараптама тағайындалды. Ол бала ауруханадан шыққаннан кейін жүргізіледі. Іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім сараптама нәтижелері бойынша қабылданатын болады. Сондай-ақ, иттерді аулада ұстау мәселесі қаралады.