Аударыспақтан ұлттық құрама көшпенділер ойындарына Алатау бөктерінде дайындалып жатыр

Халық үні

29 шілде басталған оқу-жаттығу жиыны 11 тамызға дейін созылады

Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Аударыспақтан ұлттық құрамамыз Алатау бөктерінде орналасқан олимпиадалық даярлау орталығында дайындалып жатыр. 

29 шілде басталған оқу-жаттығу жиыны 11 тамызға дейін созылады. Еліміздің түкпір-түкпірінен, ең үздік деп танылған 12 аударыспақшы жоспар бойынша дайындалып жатыр. Оның ішінен 6 адам іріктеліп, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайды.

Аударыспақтан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаевтың айтуынша, оқу-жаттығу жиыны жоспар бойынша өтіп жатыр.

Күн сайын белгілі бір графикпен жүмыс істейміз. Бірінші физикалық жаттығу, түстен кейін атпен дайындаламыз. Бұл оқу-жаттығу жиынында жігіттердің қаншалықты дайын екенін көріп жатырмыз. 12 спортшы ішінен 6 мықтыны іріктеп, көшпенділер ойындарында сәтті өнер көрсетеміз деген ойдамын, - дейді Жанбатыр Бекмұсаев.

Еске сала кетейік, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында ұлттық құрама қорытынды оқу-жаттығу жиынын 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада өткізеді.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аударыспақ спорты бойынша жарыстар 8-10 қыркүйек күндері этноауылда өтеді деп жоспарланған.

8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC, ойындардың бас серіктесі – Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.