Halyq Uni логотип
×

«Әр өңір үш киіз үйден әкеледі». Астана Көшпенділер ойындарына қалай дайындалып жатыр (ФОТО)

Этноауылға еліміздің 20 өңірінен әкелінген киіз үйлер тігіледі

 Айгерім Таубай 06.08.2024 | 15:32
«Әр өңір үш киіз үйден әкеледі». Астана Көшпенділер ойындарына қалай дайындалып жатыр (ФОТО)
Фото: Halyq Uni / Жансерік Күзембай

8-13 қыркүйекте Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Сайысқа әлемнің 85 елінен келген спортшылар қатысады деп жоспарланған. Спорт додасы елордадағы нысанда өтеді. Halyq Uni тілшісі спорт нысандарына жүріп жатқан жөндеу-құрылыс жұмыстарымен танысып, қай ойынның қай нысанда өтетінін білді.

Астана қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Құрбанбекұлының айтуынша, «Астана арена» және «Алау» мұз айдынында құрылыс жұмыстары күзде басталған.

Астана аренада» абаттандыру, шатырды ауыстыру, әрлеу және инженерлік желілерді ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстың 80-90 пайызы аяқталды. Абаттандыру жұмыстары 85 пайызға орындалды. Тұран даңғылы бойындағы жұмыстар 4-5 күн ішінде аяқталады. Әрлеу жұмыстары да 85-95 пайызға дайын. Шатырдағы жұмыс толық аяқталды. Жалпы құрылыс-жөндеу жұмыстары 20 тамызда толық аяқталады. Сол уақыттан кейін мұнда жұмыстар жүргізілмейді. 10 тамызға дейін жөндеу жұмыстары аяқталса, тағы 10 күн жинау-тазалаумен айналысамыз, - дейді Нұрдәулет Құрбанбекұлы.

Айтуынша, «Астана арена» 30 мыңнан аса адамды қабылдай алады.

Дайындық жұмыстары 2023 жылдың күзінде басталды. Қазір нысанда 400-500 адам жұмыс істеп жатыр. «Алауда» 300-ге жуық адам жұмылдырылды. Жөндеу жұмыстарына қаражатты қала әкімдігі бөлді, - дейді басқарма басшысы орынбасары.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясы жарыстарды ұйымдастыру, нысандарды дайындау және басқару бөлімінің басшысы Айбек Сапарқұлдың айтуынша, «Алау» мұз айдынында 6 спорт түрі бойынша жарыстар өтеді. Ал «Астана аренада» ойындардың ашылу салтанаты өтеді.

Алауда» асық ату, қырғыздың ордо спортынан жарыс өтеді. Өзбек күресі мен түрік күресі, арқан тартыс та осы нысанда өтеді. Бағдарламадаға сәйкес, жарыстар 9 қыркүйекте басталады. 8 қыркүйекте тіркеу, салмақ өлшеу, жеребе рәсімі өтеді. Ойындардың жабылу салтанаты 13 қыркүйекте этно ауылда өткізіледі. Ол жақта да құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, - дейді  Айбек Сапарқұл.

«Алау» мұз айдыны 7 200 көрерменге арналған, алайда ойындардың ұйымдастырушылары бұл нысанды толық пайдалануға қажеттілік жоқ екенін айтады.

Өзімізге қажет бөлігін ғана пайдаланамыз. Көрерменге ыңғайлы болуы үшін модулді трибуна орнатылады. Соны есептей келе, шамамен 6 мыңға жуық билет сатылымға шығады. Билет сатылымға шықты, бағасы 700 теңгеден 3-4 мың теңгеге дейін жетеді, - дейді ол.

Ал жабылу салтанаты өтетін этно ауылдың аумағы – 10 гектар. 6 гектарына концерт, қолөнер шеберлері алаңы, аймақтардың этно қонысы орналасады.

Еліміздің 20 өңірі үш киіз үйден әкеліп, барлығы 60 киіз үй тігіледі, - дейді Айбек Сапарқұл.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама