Солтүстік Қазақстандағы ауылға 20 жылдан кейін таза су келеді
Құбырларды ауыстыру жұмыстары басталды
Солтүстік Қазақстан облысы Якорь ауылында ескірген су құбырларын ауыстыру жұмыстары басталды.
Қазақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қызылжар ауданы Якорь селосының 2 мыңнан астам тұрғыны бар. Ауыл халқы шамамен 20 жылдан астам судан тапшылық көріп отыр. Мұнда ол белгілі бір уақытқа, яғни сағат 16.00-ден 23.00-ге дейін ғана беріледі.
Биыл ауылда су жүйесін ауыстыру жұмыстары басталды. Ауылда 12 шақырым су құбыры жүргізіледі. Оған республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Жобаның құны - 463 млн теңге.
Мердігер компания жұмысты мамыр айында бастап, осы күнге дейін 5 шақырымын ауыстырды. Жоспар бойынша келесі жылы ауылдықтар таза сумен қамтамасыз етіледі.
Жұмыстың сапалы атқарылуы мен қаражаттың тиімді жұмсалуы қоғам белсенділерінің назарында болады.