Киностудия штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр
Мәдениет және ақпарат министрлігі Азамат Сатыбалдының ұлттық киностудия президенті қызметінен кетуіне байланысты және «Қазақфильмнің» тағдырына қатысты мәлімдеме жасады.
Мәлімдеме 2024 жылғы 1 тамызда департаменттің Telegram-арнасына жарияланды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі қазір Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлайды. Ұлттық киностудия президенті міндетін Айдар Омаров уақытша атқаратын болады, – делінген хабарламада.
Бұл ретте Азамат Сатыбалдының «Қазақфильмнің» президенті қызметінен кеткені бір күн бұрын, яғни 31 шілдеде белгілі болды. Еске сала кетсек, ол «Қазақфильм» АҚ-тың президенті болып 2023 жылғы 28 шілдеде тағайындалған болатын.
Еске сала кетсек, бұған дейін Сенат депутаты Бекболат Орынбеков «Қазақфильм» АҚ-ға бюджеттен бөлінетін қаржының тиімсіз жұмсалатынын айтқан еді. Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Нұрлан Нұржанов «Қазақфильм» АҚ түсірген фильмдердің бюджетін ақтамайтынын алға тартқан болатын.