Түркістанда күйеуін буындырып өлтірген әйелге қатысты сот басталды

Халық үні

Келінге ешқандай кешірім жоқ, – деді марқұмның ағасы

фото: дереккөз

Түркістанда 30 жыл отасқан күйеуін өлтірген әйелге қатысты сот басталды, деп хабарлады Halyq Uni Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Қайғылы жағдай 2024 жылдың сәуір айында болған. Үш ай бойы тергелген Лобар Хаджиеваға қатысты алғашқы сот отырысы бүгін өтті. Сотқа сотталушының туыстары мен жәбірленушінің жақындары жиналған. Сот барысында Лобар Хаджиева жасаған қылмысын ішінара мойындады.

1994 жылы шаңырақ көтерген ерлі-зайыптының отбасында ұрыс-жанжал болатынын жәбірленушінің жақындары жоққа шығармады. Түсініспеушілік марқұм болған ер адам үйге ішімдік ішіп келгенде шығады дейді жәбірленушінің ағасы. Сөйтіп келіні жағдайды хабарлап отырғанын жеткізді.

Екеуі тату-тәтті тұратын. Бірақ інім спирттік ішімдік ішкен кезде келін хабарласатын еді. Айына бір-екі рет ұрттайтын. Үйіне барып, жатқызып қайтатынмын. Келінге ешқандай кешірім жоқ. Кешірім бермейміз, – деді жәбірленуші тараптың өкілі.

Ащы судың соңы тағы бір жанжалға алып келген сыңайлы. Бұл факті айыптау актісінде айтылды.

Лобар Хаджиева кешке ұлымен шай ішіп отырғанда күйеуі келіп, спирттік ішімдікке ақша сұраған. Сөйтіп әйелден соңғы 1 500 теңгесін алып кеткен. Бірер сағаттан соң ер адам үйіне мас күйде келіп, жанжал болады және әйелінің бетіне насыбайды түкіріп жібереді. Ашуға булыққан Лобар Хаджиева күйеуін өлтіруге бел байлайды. Масаң күйде отырғанын пайдаланып, артынан белбеумен буындырған. Дәрменсіз ер адам сол жерде жан тапсырған, – деді прокурор Тоқтар Аманқұл.

Айта кетейік, 30 жыл отасқан ерлі-зайыптының 2 ұл, 2 қызы бар. Бәрі де кәмелет жасына толған. Қыздары тұрмыс құрып кетсе, ұлдары оқиға кезінде үйдің басқа бөлмесінде болған.