БҚО Бөрлі ауданында су тасқынынан зардап шеккендерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі 100 пайыз шешілді

Халық үні
фото: БҚО әкімдігі

Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетуді тапсырған болатын. Осы орайда көктемгі су тасқыны салдарынан Бөрлі ауданы бойынша барлығы 126 үй апатты деп танылды. Соның ішінде 66 тұрғын үй иелері үшін пәтерлер сатып алынып, қалған 60 үй иелері үшін тұрғын үй құрылыстары жүргізілді.

Нәтижесінде Ақсу ауылында – 23, Кеңтүбек ауылында – 11, Пугачев ауылында – 12, Аралтал ауылында – 14 тұрғын үйдің құрылысы биыл 22 мамырда басталып, жоспарға сәйкес, 1 тамызға дейін аяқталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға заң аясында тиісті көмектер көрсетіліп жатыр. Бүгінде тұрғындарға 100 АЕК біржолғы әлеуметтік көмек және дүние-мүліктері үшін 150 АЕК төлемдері толығымен өтелді.  Сонымен қатар су тасқыны зардабын тигізген үйлердің 90 пайызынан астамына тұрғын үйін жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы берілді. Кеше ғана үйлерінен айырылып, қапыда қалған тұрғындар бүгін жаңа баспанаға ие болып жатыр. Қазір облысымызда мыңнан астам баспана сатып алынып, су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға берілді. Сонымен қатар, 775 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізіліп, енді құрылысы аяқталған үйлердің халық игілігіне берілу сәтінің куәсі болып отырмыз, - деді өңір басшысы.

Құрылыс жұмыстары «Ақсайгазсервис» АҚ, «Ақжайық», «Демеу» қорлары және Qazaq Stroy Almaty ЖШС-нің демеушілігімен жүргізілді. Жалпы қаржыландыру көлемі 1,6 млрд теңгені қамтыды.

Пугачев ауылының тұрғындары Иманалиевтер отбасы жалғыз баспанасы суға кетіп, жарамсыз деп танылуына орай, жаңа пәтердің иесі атанды.

Пугачев ауылына 2006 жылы отбасымызбен көшіп келіп, үй салып алдық. Сол салған үйімізді наурыз айының аяғында тасқын су басты. Дегенмен арада көп уақыт өтпей, бүгін баспаналы болып жатырмыз. Жарық, кең 3 бөлмелі, үлкен, барлық жағдайы жасалған баспанаға қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз. Осындай жағдай жасаған мемлекет басшысына алғысымды білдіремін, - деді Ақкенже Иманалиева.

Бүгінде Бөрлі ауданында су тасқынынан зардап шеккендерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі 100 пайыз шешілген.