Биыл теңізге 1,38 млрд текше метр су келді
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жобасының екінші кезеңіне дайындық бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алматыда орналасқан Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясының кеңсесінде өткен кездесуге ХАҚҚ сарапшылары мен жобаны әзірлеуші мамандар қатысты. Ведомство басшысы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу барысы және Солтүстік Арал теңізіндегі су ресурстарын ұлғайту және тұрақтандыру бойынша қабылданған жұмыстармен танысты, деп мәлімдеді Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Жоба үш негізгі бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – теңізде және оған жақын аймақта балық аулау мен су ортасының жағдайын жақсартуды, сондай-ақ Сырдария өзенінің атырабындағы сулы-батпақты жерлерді тұрақтандыруды көздейді. Су инфрақұрылымы жетілдіріліп, Солтүстік Арал мен Сырдария атырабындағы гидрологиялық жағдай жақсарады. Екінші бағыт – Қызылорда облысында балық шаруашылығын, мал шаруашылығын, туризмді және орман отырғызуды дамыту арқылы орнықты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қызметті қолдауды көздейді. Үшінші бағытта Арал-Сырдария бассейнінде су ресурстарын басқару жүйесі жақсарады деп күтіліп отыр, – деді ведомство.
Кездесу қорытындысы бойынша министр ТЭН-ді мерзімінен кешіктірмей әзірлеу жөнінде бірқатар ұсыныс айтты. Сондай-ақ Арал аймағында жобаға қатысты қоғамдық тыңдаулар өткізуді тапсырды.
«Әзірленіп жатқан жоба Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау жөніндегі ауқымды жобаның жалғасы саналады. Ол 2002-2010 жылдар аралығында іске асырылып, бүкіл Арал өңіріне оң әсерін тигізді. Екінші кезең Солтүстік Аралды тұрақты сумен қамтамасыз етуден бастап экономикалық және әлеуметтік жобаларды дамытуға дейінгі түрлі бағытты қамтиды», - деді Нұржігітов.
2024 жылдың басынан бері Солтүстік Арал теңізіне 1,38 млрд текше метр су келді.