«Көшпенділер ойындарына тартуым»: 74 жастағы қария Қытайға жаяу барады

Гүлбаршын Нұрхан

Танымал саяхатшы 3 мың шақырымды жаяу аралап шықпақ

Фото: Halyq Uni

Елордада Сәрсенбай Қотырашов кезекті сапарының алдындағы дайындығын айтып берді. Танымал саяхатшының бұл бастамасын қолдау шарасы «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі мен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясымен бірлесе ұйымдастырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Саяхатшы әрі марафоншы Сәрсенбай Қотырашов шамамен 3 мың шақырымды құрайтын үлкен жаяу сапарға аттанады. Ол 2 тамызда Өскемен қаласынан шығып, күніне орташа есеппен 40 шақырым жүруді жоспарлап отыр. Саяхатшы өзінің үш айға созылатын сапарын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнайды.

Өзімнің жаяу саяхатымды алдағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнаймын. Біз көшпенділердің ұрпағымыз және олардың бай мәдениеті мен мұраларын әлемге танытқым келеді. Алтай және Моңғолия арқылы Қытайға дейін жетуді жоспарлап отырмын, - деді Қотырашов.

Сапары барысында Сәрсенбай ақсақал көшпенді халықтардың мәдениеті мен дәстүрімен танысып, өз әсері және жаңалықтарын әлеуметтік желілер мен медиа арқылы көпшілікпен бөлісуді жоспарлап отыр. Оның экспедициясы Орталық Азия көшпенді халықтарының бай тарихы мен мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған.

Марафоншы бұл идеяның ең алғаш 2016 жылы келгенін айтады, алайда ол жылдары сәті түспей, тек 2022 жылы ғана жаяу жүруді бастаған. Әлемді жаяу аралаған ақсақал денсаулық мықты болу үшін көбірек жаяу жүру керек дейді.

«Менің жасымда дүниежүзінде осылай жаяу жүрген ешкім жоқ. 70 жасқа дейінгі марафоншылар бар, бірақ 70-тен асқан марафоншы жоқ деп айтуға болады. Жалпы әлемде тыныштықты сақтап, мәдениет пен өркениет мұраларын насихаттау керек деп ойлаймын. Егер мықты денсаулық керек болса, көбірек жаяу жүріп, адамдармен араласу керек. Сонда өмірге деген құлшыныс мен қызығушылық артады», - дейді марафоншы.

Ұлытау облысы «QazaqGeography» республикалық қоғамдық ұйымының мүшесі Бахтияр Қожахметов марафоншы Сәрсенбай Қотырашовтың көшпелі мәдениетке қосқан үлесін де айтып берді.

Бұл кісінің көшпелі мәдениетке тікелей қатысы бар. Қазақстанның мәдениетіне және өркениетке үлес қосып, оның танылуына бірден бір әсер еткен тұлға. Сәрсенбай Қотырашов Қазақстанның 17 облысын аралап жүргенде түркі әлеміне ортақ салт-дәстүрлерімізді насихаттап, оны көпшілікке таныстырып жүрді. Сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі колөнершілердің тізімін де жинады. Сондықтан ол кісі дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған үлкен тойдың төрінде отырушы еді. Сапардан аман-есен оралған соң лайықты сый-құрметі көрсетіледі деп ойлаймын, - деді Бахтияр Қожахметов.

Кездесуде ақсақалдың ел арасындағы жұмыстары, тарихи ескерткіштер мен мұраларды сақтау жолындағы еңбегі де айтылды. Марафоншымен бірлесіп жұмыс істейтін Баян Шайгөзованың айтуынша, Сәрсенбай Қотырашов қалпына келтіру жұмыстарының шебері.

Сәрсенбай атамыз қаншама тарихи ескерткіштер мен мешіттерді қалпына келтірген. Бұл оңай жұмыс емес. 13 ғасырдағы салынған кесене, мешіт болса, сол ғасырда нені пайдаланғанын зерттеу керек. Мысалы, биенің сүтін пайдалану, шикі кірпіш, күйдірілген кірпіштің құрамын ешқандай өзгеріссіз, қоспасыз сол қалпында жасайды. Сондықтан ол кісіні қалпына келтіру жұмыстарының шебері деп те атасақ болады, - дейді Баян Шайгөзова.

Сәрсенбай Қотырашов – марафоншы, саяхатшы. 2022 жылы ол 72 жасында еліміздің 17 облысын 6 айда 8 000 км жолды жаяу жүріп өткені үшін Қазақстанда танымал бола бастады. 2023 жылы Атырау (Қазақстан) қаласынан Ыстамбұл (Түркия) қаласына дейін жаяу 3000 км қашықтықты бағындырды.