Ол бүркітті интернет арқылы саудаламақ болыпты
Қарағанды облысында жасөспірім Қызыл кітапқа енген құсты интернет арқылы сатуға тырысқан, деп хабарлайды Halyq Uni басылымы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Осакаров ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері әлеуметтік желілерді қарау кезінде Қызыл кітапқа енген дала бүркітін 400 мың теңгеге сату туралы хабарландыруды анықтаған.
Тәртіп сақшылары хабарландыру авторын, яғни 17 жастағы тұрғынды анықтады. Жас жігіттің айтуынша, ол құсты даладан тауып алған және оның жойылып кету қаупі бар санатқа жататынын білмеген. Содан жас жігіт интернет-ресурстардағы бағаларды көріп, хабарландыру жариялаған, – делінген ақпаратта.
Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлеріне заңсыз қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мән-жайлар анықталғанға дейін дала бүркіті Қарағанды қаласының хайуанаттар бағына уақытша сақтауға берілді.
Бұған дейін елімізге шетелден сирек кездесетін жануарлардың әкелінгені жайлы жазған едік.