Өкпе обыры жиіледі: қазақстандықтар скринингтен тегін өте алады
Әсіресе, 45 пен 69 жас аралығындағы темекі шегушілер тексерілген жөн
Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды өкпе скринингінен өтуге шақырады, деп хабарлайды Halyq Uni.
2024 жылғы 1-3 тамыз аралығында еліміздің мемлекеттік онкология орталықтары барлық азаматты өкпе обырының профилактикасына және ерте анықтауға арналған ашық есік күндеріне шақырады. Іс-шара жыл сайын 1 тамызда аталып өтетін Дүниежүзілік өкпе обырына қарсы күрес күніне орайластырылған, деп мәлімдеді ДСМ.
Ашық есік күндері шеңберінде барлық азамат онкологтың білікті консультациясын тегін ала алады және көрсетілімдер болған жағдайда өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясынан өте алады. Бұл қызметтер өкпе обырының ықтимал белгілерін ерте анықтауға және тұрақты тексерулердің маңыздылығы туралы халықтың хабардар болуын арттыруға бағытталған, – деп қосты ведомство.
Өкпе обыры – Қазақстандағы ең көп таралған онкологиялық аурулардың бірі. Жыл сайын шамамен 3500 жаңа жағдай анықталады. Аурудың негізгі себебі темекі шегу саналады. Бұл барлық жағдайдың шамамен 90%-ын құрайды.
Ауруды ерте анықтау сәтті емдеу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Қазақстандық онкологтар 45 пен 69 жас аралығындағы темекі шегушілерге жыл сайын өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясынан өтуді ұсынады.
Әсіресе, келесі белгілер болған кезде консультация алу керек:
- Бұрын болмаған шаршау;
- Кеуде қуысындағы жайсыздық;
- Физикалық белсенділікке төзімділіктің нашарлығы;
- Тұрақты құрғақ жөтел;
- Кеуде қуысының ауыруы;
- Ентігу;
- Кейбір жағдайларда қан түкіру.
Қабылдау 20 мемлекеттік онкология орталығында тегін өтеді. Алдын ала жазылу талап етілмейді. Жеке куәлік болса жеткілікті.