Ерлердің 36%-ы, әйелдердің 8,5%-ы тұтынады: маман темекіні қою жолын түсіндірді
Табактан бас тартқан кезде бірден белгілі өзгерістер қалыптасады
2023 жылдың соңындағы дерек бойынша, қазір Қазақстанда халықтың 19,4%-ы темекі шегеді екен. Оның ішінде ерлердің 36%-ы, әйелдердің 8,5%-ы тұтынады. Осы ретте Stan.kz сайтына темекіні 20 жыл бойы шегіп, оны қоя алған адам сұхбат берген. Сонымен қатар сайт тілшілері мамандардан Қазақстанда темекіге қарсы қандай шаралар ұйымдастырылып жатқанын біліпті. Толыққанды берейік...
«Темекіні 20 жыл бойы тартып, қойып кеттім»
Серік Талғатов (есімі өзгертілді) темекіні 20 жасынан бастап, 40 жасына дейін шеккен. Тіпті түнде бір оянып, темекі тартып, қайта ұйықтап жүрген. Дегенмен 40-қа таяған шағында денсаулығын, отбасын, жақындарын ойлап, бірден бас тартамын деп бекінген.
Адам жақсы түсінсе, қояды дегенге сендім. Бірден «әуелі маған, сосын отбасыма, қоршаған ортаға зиян, мен бұдан арылмасам болмайды. Мен мұны қоюым керек» деп мықтап бекіндім де ертеңінен бастап темекіні тартқан жоқпын. Солай қойып кеттім. Аса қиын болмады. Кейбірі арнайы дәрі ішіп, емделетін ұйымдарға барып, тағы бір нәрсені өміріне енгізіп жатады. Мен ондай ештеңе істемедім, кәдімгі күнделікті тірлігімді істеп жүре бердім, жақсылап ниеттендім. Биыл темекіні қойғаныма 17 жыл болды, – дейді ол.
Басында темекіні тартқысы келгенін жасырмады. Бірақ шыдау керек деп соңына дейін бекінген.
Басында бір жыл бойы өте көп қақырық түсті. Темекіні қойған бетте өзіңді жеңіл сезінесің. Ұйқың да қанық жүреді, жиі тұмау болмайсың. Бұрын мен тұмауратып қала беретін едім, қазір өте сирек ауырамын. Кейбірі 2 ай тартпай жүреді де қайта бастап кетеді. Олай жасаудан барынша аулақ болу керек. Адам 2 айға шыдаса, әрі қарай да төзе алады, – деді Серік Талғатов.
Сонымен қатар ол темекі қояр кезде ескеретін жағдайларды атады.
Темекі физикалық тұрғыда да, материалдық тұрғыда да өзіңе зиян. Ол қасыңдағы адамдарға да теріс әсер етеді. Ең әуелі осыны жақсылап түсіну керек. Адам өзі мен отбасын, қоршаған ортасын ойласа, оның қаншалықты зиян, қажетсіз екенін түсінсе, жақсы ниеттеніп, темекіні оңай қоя алады. Сосын тағы бір маңызды тұсы деп атап айтатыным: темекі қойғысы келетін адам шегетін достарынан, адамдарынан кішкене аулақ жүруі керек. Оларға да зиян, қою керек екенін ескерткен артық болмайды. Мүмкіндігінше темекі шекпейтін адамдардың қасында жүрген дұрыс. Ал шеге беретіндерге өзіңнің қояйын деп жатқаныңды ескерту керек. Мысалы, мен достарым шегіп жатқанда қасында жүрмеймін. Олар да менің қасымда шекпейді, – деп түйіндеді ол сөзін.
Қояр алдындағы алғашқы қадамдар
Ал мамандар темекіні қою әр адамның мотивациясына байланысты деп қорытындылайды. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жұқпалы емес аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жанар Сапарғалиқызының айтуынша, «темекіні қойғым келеді» деген қалау орындалуы үшін адамға «Не үшін?» деген сұрақтың жауабы керек. Табактан соған сай бас тартқан кезде бірден белгілі өзгерістер қалыптасады.
Жүрек соғысы жақсарады. Шамамен 20 минутта қан айналымы дұрысталып, қан қысымы реттеледі. Қандағы су нормасы қалпына келеді. Өкпе бұрынғыдан жақсырақ жұмыс істей бастайды. Темекіні тастай бастаған адам өзінің денсаулығындағы ғана емес, басқа адамдарға да әсері азайғанын сезеді. Алғашқыда адам «Темекіні не үшін қоямын?» деген сұраққа нақты жауап бере алса, бұл қоюына көмектеседі. Екіншіден, адамның темекіні қоюы оның қай деңгейде екеніне тікелей байланысты. Ол бұған дейін күніне қанша темекі тартты? Темекіге аса тәуелді болмаған адамдардың қоюы да тез болуы мүмкін. Енді шекпеймін деп салмақты түрде бас тартып, соған үйреніп кетеді. Ал күніне барынша көп шеккісі келе беретін адамдар темекіден арылар кезде біраз қиналуы мүмкін. Себебі адамда физикалық, психологиялық тәуелділік бар. Мұндай адамдар әуелі темекінің күндік нормасын сақтауды үйренеді, темекі санын азайта бастайды. Кейін бірте-бірте санын азайтып, сосын барып жалпы тәуелділіктен арылуға қадам жасайды. Алғашқы темекі санын азайту кезеңі шамамен 1-1,5 айға созылады, – дейді маман.
Темекіден бас тарту үдерісі қалай жүреді?
Егер адам темекіні енді шекпеймін деп шешім қабылдаса, ең әуелі бұл мақсатын айналасындағы адамдарға айтқаны жөн. Себебі отбасының, жақындары мен ұжымының қолдауы маңызды. Қасындағы адамдар қолдап, түсінсе, қояйын деп жүргенін білсе, жалпы үдеріс жеңілірек өтуіне ықпал етеді дейді мамандар.
Жұмыс, спорт, қандай да бір хобби – бәрі де тәуелділіктен арылуға, ойды бөлуге көмектеседі. Сондықтан айналасының алдын ала білгені дұрыс. Сонымен қатар мүмкіндігінше темекі тартатын адамдардан алшақ жүрген жөн, әсіресе олар темекі тартып тұрғанда қасында болмағаны керек. Егер олармен қандай да келіспеушілік, реніш болса, бұған да төзімді болу керек. Себебі ондай болады және жақсы нәтижеге жету жолында бұл да қалыпты. Темекіден арыларда оңай болмайды, жақсы ерік-жігерді талап етеді. Физикалық жағынан никотин алмастыратын терапия жасалғанымен, психологиялық жұмыс адамның өзіне тікелей байланысты, – деп кеңес берді Жанар Сапарғалиқызы.
Мамандардың айтуынша, темекіні қою кезінде қолданылатын бір әдіс бар. Ол – күнде өзіңе «бүгін бір күн темекі тартпаймын, шыдаймын, ертеңді ертең ойлаймын» деу.
Бір күн өзіңді көндіріп, шыдайсың да ал ертеңіне қайта бастап көресің. Уақыт өте келе бұл әдетке айналады және адам бірнеше күн темекі тартпай үйрене бастайды. Бұл – әдет қалыптастыруға таптырмас құрал. Оған қоса еліміздегі темекіге қарсы ұйымдарға жүгінуге болады. Немесе әр денсаулық сақтау ұйымында, емханалар мен ауруханаларда темекімен күрес қызметтері бар. Сол жерлерден кеңес алып, ақылдасуға да болады. Адам өзім қоя алмаймын десе, онда темекіні қоюға көмектесетін арнайы ұйымдарға баруы керек. Мұндай орталықта барлық процесс кешенді түрде, тегін жүргізіледі. Психологтар, онкологтар, норколог, терапевт және тағы басқа дәрігерлер – бәрі бірлесіп, адамның тәуелділіктен арылуы үшін жұмыс істейді, – деді Жұқпалы емес аурулардың алдын алу департаментінің директоры.
Мемлекеттің темекіге қарсы шаралары
Мамандардың мәліметінше, елімізде темекімен күрес шаралары көп және олар нәтижелі жұмыс істеп келеді. Қазақстан 2006 жылы Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының темекiге қарсы күрес жөнiндегi негiздемелiк конвенциясын ратификациялады.
Содан бері елімізде конвенцияға сай мынадай шаралар ұйымдастыру қарастырылған:
- Қоғамдық орындарда темекі тартпау ережесі енгізілген;
- Сонымен қатар темекінің сыртында оның қандай зияны бар екені ескертіледі, суретімен көрсетілген;
- Үшіншіден, Қазақстанда электронды темекілер, зияны аз деп айтылатын темекілердің бәрі темекі өніміне теңестірілген;
- Оған қоса темекіге 70% мөлшерде акциз енгізілген.
Байқаған шығарсыздар, қазір дүкендерде темекі көрсетіліп сатылмайды. Темекі қойылған орынның беті бұлыңғырланған немесе мүлде жабық тұрады. Бұл да 2021 жылдан бері іске асып келе жатқан күрес шараларының бірі. Бұрын темекіні кәмелет жасына толған адамдарға сата беретін, қазір жасы 21-ге толса ғана өзі темекі сатып ала алады. Қазақстанда темекі өнімдерінің айналымына, оны тасымалдау туралы құжатсыз жеткізуге тыйым салынған. Сонымен қатар Қазақстан – дүниежүзінде осы заңды бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік артатын үшінші ел. Яғни темекі өнімдері, оның ішінде электронды сигаретті алып сату, тасымалдау заңмен реттеледі, – деп түсіндірді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жұқпалы емес аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жанар Сапарғалиқызы.