×

«Лицензиясыз ұйымдар айналысып жатыр»: сарапшы қауіпті қалдықты утилизациялайтын кәсіпорындар туралы

Бюджеттің аздығына байланысты демеркуризацияға көңіл бөлінбейді

 Халық үні 30.07.2024 | 16:30
Фото: Unsplash

Биыл Қазақстанда құрамында сынап бар 13 мыңнан астам затты тиісті құжаты жоқ компаниялар утилизациялаған, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілі Ербол Сардарбековтың айтуынша, мемлекеттік сатып алуларда құрамында сынап элементі бар заттарды демеркуризациялау жөніндегі қызметті көп жағдайда экология департаментінен қажетті рұқсаттары жоқ жеткізушілер көрсетеді.

Демеркуризация – қоршаған орта мен денсаулықты қорғау үшін сынапты жою процесі. Бюджеттің аздығына байланысты бұл қызметтерге тиісті көңіл бөлінбейді. Жылына барлығы 100-200 млн теңге. Мысалы, Маңғыстау облысындағы Мұнайлы аудандық ауруханасы мен Алматы әкімдігіне қарасты «Шаңырақ» әлеуметтік қызметтер орталығы лицензиясы жоқ және іс жүзінде жарамсыз жеткізушілермен құрамында сынабы бар 2 438 шамды кәдеге жаратуға келісімшарттар жасаған. Лицензиясыз жеткізушілер қауіпті қалдықтарды қоқыс жәшіктеріне, далаларға, ормандарға немесе өзендерге тастауы жиі кездеседі. Бұл салдары топырақ пен су объектілерін ластап, тұрғындар мен жануарлардың өміріне қауіп төндіреді, - деді ол.

Сондай-ақ сарапшы биыл елімізде құрамында сынап бар 13 211-нан астам затты тиісті құжаты жоқ компаниялар утилизациялағанын атап өтті. Бұл ресми мәлімет, іс жүзінде көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады.

«Мемлекеттік сатып алу туралы заң келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындауға құқығы жоқ жеткізушілердің қатысуына тыйым салып отыр. Бірақ тәжірибе бұл норманың жұмыс істемей отырғанын көрсетіп отыр. Іс жүзінде экология үшін қауіп бар. Біз тек сынап туралы айтып отырмыз, одан басқа химиялық, медициналық қалдықтар, мұнай өнімдері, құрырыс материалдары,  аккумуляторлар мен батареялар сияқты қалдықтарда да осындай проблема бар. Егер жағдай өзгермесе, бұл болашақта елеулі экологиялық және эпидемиологиялық проблемаларға әкелуі мүмкін», - деді Ербол Сардарбеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама