Halyq Uni логотип
×

Азаматтық іске куәгер ретінде қатысатындарға енді өтемақы төленбейді

Сарапшы, маман және аудармашыға төлем көлемін істі қараған судья бекітеді

 Ербол Тұрымбет 30.07.2024 | 15:35
Азаматтық іске куәгер ретінде қатысатындарға енді өтемақы төленбейді
Фото: Sputnik Қазақстан

Азаматтық істерде сарапшы, маман және аудармашының жол жүру, үй-жай жалдау бойынша сотқа келуіне байланысты шығындары өтеледі. Бұған дейінгі құжатта бұл қатарға куәгерлер де енген. Жаңа мәтінде куәгерлер алынып тасталған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Үкімет азаматтық істердегі сарапшы, маман, аудармашыларға ақы төлеу ережелерін бекітті.

Енді азаматтық істердегі сарапшылардың, мамандардың және аудармашылардың тиесілі ақысы судьяның азаматтық істі қарау кезінде шығарған сот актісі негізінде төленеді. Бұған дейін ол төлемақының көлемін Үкімет айқындап келген.

Үкімет белгілеген ереже бойынша аудармашыларға 1 бет (2000 белгі) жазбаша аударма немесе бір сағат ауызша аударма үшін төленген:

1) орыс тілінен қазақ тіліне (және керісінше) – 1 АЕК-тің екіден бірі;

2) батыс еуропа, түркі және басқа тілдерден орыс немесе қазақ тілдеріне (және керісінше) – 1 АЕК белгіленеді.

Одан бөлек, «сотқа куә ретінде шақырылатын жұмыс істейтін адамдардың сотқа келуіне байланысты жұмыс орнында болмаған уақыттары үшін орташа табысы сақталады» деген тармақ алынып тасталған.

Сол секілді, еңбек шарты жоқ, қарапайым кәсіппен ақша тауып жүргендерге нақты уақыт шығындарын ескеріп, айлық жалақының ең төменгі мөлшерінде өтемақы алатыны да алынған.

Мұның алдында Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов соттағы аудармашылар сағатына 369 теңге алып жүргенін айтып, олардың жалақысын көтеруді ұсынған еді. Оның айтуынша, қазір азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашылардың 1 бетті аудару немесе 1 сағат жұмысының ақысы – 369 теңге. Процесс жарты сағатқа созылса, онда соның жартысы төленеді. Ал нарықта 1 парақ мәтіннің, 1 сағат аударма жұмысының құны 5 мың теңгеден жоғары. Синхронды аударма болса, 10 мың теңгеден басталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама