Былтыр облыс әкімдігі қант бағасын шектей алмағандықтан, оны әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімінен алып тастаған
7 маусымда Алматы облысындағы Көксу қант зауытынына Атырауға 2 вагон (66 тонна) қант жеткізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі «Идеал маркет» ЖШС қойма логистикасы постының директоры Қуаныш Алимбетовке сілтеме жасай отырып хабарлады.
ЖШС директорының айтуынша, қант бағасы қымбаттаған және ол «Идеал» және «Лидер» супермаркеттерінде сатылымға шығарылып отыр. Бұған дейін 1 келі қанттың бөлшек саудадағы бағасы 385-395 теңгеден болса, енді 500-517 теңгеден сатылады.
Алимбетов бағаны көтеруге жол шығыны, яғни, жеткізу құнының қымбаттауы себеп болғанын айтады. Жолда тағы екі вагон қант келе жатыр екен.
7 маусымда «Ярмарка», «Лидер», «Идеал» супермаркеттеріне кіріп шыққанбыз. «Ярмаркада» сатушылар қанттың сағат 11-де және кешкі 18-де сатылымға шығарылатынын, ал «Лидер» мен «Идеал» супермаркеттерінде түскі 13-те және 18-де сатылатынын айтты. Бір қолға 2 келіден асырмай сатады. Сонымен бірге, «Идеалда» енді сатылымға шығатын қанттың бағасы бұрынғыдай болмайтынын айтты.
Жалпы, Атырауда «Идеал» және «Лидер» супермаркеттерінің 36 нүктесі бар.
«Атырау» ӘКК мемлекеттік бағдарламаларды және мемлекеттік-жеке серіктестігі жобаларының сараптамасын жүзеге асыру департаментінің директоры Дмитрий Дюдың айтуынша, облыс әкімдігі 2021 жылы қант бағасын шектей алмағандықтан, оны аймақтағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімінен алып тастаған. Бірақ, қазір қайта тізімге қосуға келіссөздер жүріп жатыр екен.
Бұдан бөлек, Дюдің мәліметінше, «Идеал Маркет» ЖШС Атырауға бірінші сортты ұн жеткізіп, сатып алған бағада наубайханаларға арзан нан пісіру үшін сатып жатыр.
Мәселен, 1 кг ұнды 165 теңгеден сатып алып, үстінен еш пайда көрмей наубайханаларға сол бағада сатып жатыр. Қазір нан бағасы «Идеал» және «Лидер» супермаркеттерінде 80-82 теңгеден аспай тұр, - дейді Дю.
Еске салайық, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру мақсатында жергілікті бюджеттен 1 млрд 551 млн теңге бөлінген.
2020-2022 жылдарға арналған бағаны тұрақтандыру бағдарламасын іске асыру мақсатында «Атырау» ӘКК» АҚ арқылы бес кәсіпкерге 2020 жылдан бастап 0,1 пайызбен 1 млрд 135 млн теңге заем берілген. Бес кәсіп иесін атап өтсек, бұл - «Лидер» мен «Идеал» супермаркеттерінің меншік иесі «Идеал Маркет» ЖШС, «Агрофеликс» шаруа қожалығы, «АгроҚазына» ЖШС, «JCS-corparaition» ЖШС.
Олар заемға бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алып, екі жыл ішінде бағасын көтермей ұстап тұруға міндеттелді.
«Идеал Маркет» ЖШС-ға әлеуметтік маңызы бар 15 тауарды сатып алуға 555 млн теңге (соның ішінде 400 млн теңге әлеуметтік маңызы бар тауарларға, 155 млн теңге ұн сатып алу үшін), «Агрофеликс» шаруа қожалығына өңірді картоп, сәбіз, жуа, қырыққабатпен қамтамасыз етуге 300 млн теңге («Дина» «Насиха», «Көктем» және «Сарайшық» базарларында сатылады), «АгроҚазына» ЖШС-ға да өңірді ерте піскен картоппен, сәбіз, жуа, қырыққабатпен қамтамасыз етуге 80 млн теңге, «JCS-corparaition» ЖШС-ға өңірді сиыр және құс еттерімен қамтамасыз етуге 200 млн теңге қарыз берілген.
Биыл бұл мақсатта жергілікті бюджеттен қосымша тағы 535 млн теңге бөлінді.