Баянауыл ұлттық паркінде өртті ерте анықтау жүйесі жоқ – Олжас Бектенов

Ербол Тұрымбет

Биыл ел аумағында 161 орман өрті тіркелген

Фото: Halyq Uni

Елімізде орман мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыру және өртке цифрлық мониторинг жүргізу мәселелері әлі толық шешілмеген. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның сөзінше, «Семей орманы» резерватында өрт сөндіру техникасының үштен бірі әбден ескірген, оларды есептен шығару керек. Ал өртті анықтаудың ақпараттық жүйесі аумақтың 33%-ын ғана қамтиды.

Баянауыл ұлттық паркінде өртті ерте анықтау жүйесі мүлдем жоқ. Өрт сөндіру және патрульдік техникалардың тозығы жеткен.

Өртпен күресте цифрлық жүйелерді белсенді қолданған жөн. Пилотсыз ұшатын аппараттарды кеңінен пайдалану қажет. Олар ормандар мен даланы әуеден толыққанды тексеріп-қарауға мүмкіндік береді. Сондықтан Өнеркәсіп министрлігі Қазақстанда дрондар өндірісін локализациялау мәселесін қарастыруы керек, –  дейді премьер-министр.

Олжас Бектеновтің сөзінше, биылдың өзінде ел аумағында 161 орман өрті тіркелген. Кей облыста алдын алу шаралары өз деңгейінде жүргізілмей отыр.

Мәселен, Абай, Жетісу, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында су көздерінің түбін тереңдету жұмыстары жүргізілмеген. Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында отын қорымен қамтамасыз ету мәселелері толық шешілмей отыр. Қостанай облысында өрттің алдын алу және сөндіру жөніндегі тиісті жедел штаб уақтылы құрылмаған.

Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында өртке қарсы жер жырту жұмыстары баяу жүріп жатыр. Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарын қураған өсімдіктер мен қоқыстардан тазарту жұмыстары әлі аяқталған жоқ.

Оның айтуынша, былтыр ел аумағында 116 мың гектардан астам орман қоры жанып кеткен. Орман өртінен 15 адам көз жұмды. Экологияға келтірілген зиянды есептемегенде, материалдық залалдың өзі 160 млрд теңгеден асып түскен.