Halyq Uni логотип
×

Көлікті мас күйінде айдайтындарға заң қатаңдатылуы мүмкін

Жыл басынан бері осындай 12 мың жүргізуші ұсталған

 Ербол Тұрымбет 30.07.2024 | 12:04
Көлікті мас күйінде айдайтындарға заң қатаңдатылуы мүмкін
Фото: Halyq Uni

Жолдағы құқықбұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қатаңдатылғанына қарамастан, полиция мас күйінде рөлге отырғандарды және көлік жүргізу құқығынан айырылғандарды сол күйі ұстап жатыр. Жыл басынан бері 6 млн-ға жуық жол ережесін бұзудың жолы кесілген. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның сөзінше, биылдыққа 12 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталған. Сондықтан мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу тәсілдерін қайтадан қарау қажеттілігі туындап отыр. 

Автожолдардың көпшілігі ескі стандарттар бойынша салынған. Сондықтан кейінгі жылдары жаңа магистральдардың құрылысы қолға алынды. Алайда, кейбір жолдардың құрылысы мен жөнделуі тым ұзаққа созылып кетті. Оның үстіне, салынып жатқан аумақтарда жол белгілері мен ақпарат қалқандары, уақытша жол таңбалары жоқ. Немесе ескерту белгілері дұрыс орнатылмай, жүргізуші оларды байқамай қалады. Мұның соңы жол апаттарына алып келеді, – деді Үкімет басшысы. 

Мысалы, өткен наурызда Алматы облысында 2019 жылдан бері құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан «Қарағанды – Алматы» бағытындағы жолда жеңіл автомашина жүк көлігімен соқтығысып, 4 адам қаза тапты. Ал мамырда дәл осы жолда көлік апатынан тағы 5 адам мерт болды.

Соған байланысты Олжас Бектенов Көлік министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және күтіп-ұстау кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін қабылдауды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама