Орман өртімен күрес: еліміздегі басты проблемалар аталды

Қымбат Елтайқызы

Арнайы тексерістердің нәтижесі белгілі болды

фото: ТЖМ

Биыл Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман иеленушілердің жоғары өрт қаупі маусымына дайындығын бақылауды күшейтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Экология министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында ормандағы өрт қауіпсіздігі туралы баяндады.

Көктемде екі рет тексеру жүргізілді. Қорытындысы бойынша 124 ұйғарым, 26 әкімшілік хаттама толтырылып, әкімдіктерге ұсынымдар енгізілді. Маусымда жүргізген бақылау тексерістері орман иеленушілердің орман өрті туындаған жағдайда жедел әрекет етуге дайын екенін көрсетті. Негізгі ескертулер: ескірген өрт сөндіру техникасы, орман өрт сөндіру станциялары мен мұнаралар санының, сондай-ақ ерте анықтау жүйелерінің жеткіліксіздігі. Өкінішке қарай, қазірге дейін облыс әкімдіктері орман өртін сөндіру станцияларын және өртті бақылау мұнараларын салу бойынша ешқандай шара қабылдамады, – деді министр.

Мемлекеттік орман күзетінің 12 900 бен орман өрт сөндіру станцияларының 3 300 қызметкерінен 710 өрт сөндіру тобы құрылды және олар жоғары өрт қаупі маусымына дайын. 482 өрт сөндіру машинасы, 228 орман өртін сөндірудің шағын кешені, 1518 трактор, 1307 патрульдік машинасы мен 129 ұшқышсыз ұшу аппараты тұрақты кезекшілікке қойылды. Көктемде мемлекеттік орман қоры аумағына іргелес 16 700 шақырым жерді күйдіру жолымен өртке қарсы қорғау белдеулерін құру және шөп шабу жұмыстары жүзеге асырылды. Өрттен қорғау тақырыбына 6150 аншлаг пен панно орнатылды әрі жаңартылды.