Қарағанды облысында жөнделіп жатқан жолда 9 адам қаза тапты
ІІМ такси жүргізушілерінің пайда табу үшін ұйқысыз көлік жүргізетінін айтты
Еліміздегі жол апатының 85 пайызы елді мекендерде болады. Төрт оқиғаның бірі – жаяу жүргіншіні қағып кету. Мұндай ақпаратты Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрдің сөзінше, мұндай жағдай Маңғыстау, Алматы, Қызылорда облыстарында жиі тіркеледі. Бұған бұл өңірлерде жаяу жүргінші жолдары мен тротуардың болмауы себеп болып отыр.
Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды облыстары трассасында адам өлімі деңгейі жоғары. Шілдеде Қарағанды облысында «Алматы-Екатеринбург» трассасының жөнделіп жатқан жол учаскесінде екі апта ішінде үш жол апаты тіркелді. Ол жерде 9 адам қаза тауып, 14 адам жарақат алды. Ақтөбе облысында бір шұңқырдың кесірінен 2 жол апаты болып, 4 адам зардап шегіп, бір адам қаза тапты. Шұғыл түрде 4 және одан да көп жолағы бар 6 мың шақырымнан астам жол салу қажет, - дейді ішкі істер министрі.
Айтуынша, жолаушыларды тасымалдау саласы да қауіпті деңгейде тұр. Барлық норма сақталмайды.
Такси жүргізушілері пайда табу үшін ұйқысыз көлік жүргізеді. Медициналық тексеруден өтпейді, көліктің техникалық жағдайы тексерілмейді. Осылайша адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Демалыс, мереке күндері пойыз, автобустарға билеттердің жоқтығын такси жоғары сұранысқа ие болады. Қауіпті такси жүргізушілерін анықтау және жауапқа тарту қиынға соғып тұр, - дейді Ержан Сәденов.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов биылдың өзінде мопед салдарынан болған апаттарда 27 адам қаза тапқанын айтып, бұл мәселенің қалай шешіліп жатқанын нақтылады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, көп жағдайда мопедті жасөспірімдер мен жеткізу қызметі пайдаланады.
Заңнамалық шара қабылдап жатырмыз. Біріншіден, барлық мопед тіркеуге алынады. Одан кейін мемлекеттік нөмір беріледі. Ол мопедтерді жүргізу үшін куәлік алу керек болады. Заң жобасы Сенат қарап жатыр. Қазір 39 мың жүргізуші анықталып, тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде 202-сі кәмелет жасына толмаған. Олардың ата-анасы жауапкершілікке тартылды, - дейді министр.