Көкпардан ұлттық құрама Көшпенділер ойындарына дайындықты күшейтті

Халық үні

Құрама Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр

Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Алматы облысында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

Ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеевтің айтуынша, осы оқу-жаттығу жиыны аясында қыркүйекте өтетін ойындарға қатысатын жылқылар дайындалып жатыр. Барлығы 40 жылқының ішінен мықтылары іріктеліп алынады. Оның сөзінше, команда дайындығы қазір жақсы деңгейде. Ұлттық құрамаға Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген командалар мықты қарсылас бола алады.

Екі айдан бері 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсенді дайындалып жатырмыз. Еліміздің намысын абыроймен қорғаймыз деп үміттенеміз. Осындай маңызды спорттық жарыстың елімізде өтіп жатқаны бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бірінші оқу-жаттығу жиынында өзіміздің күш-қайратымызға баса мән берсек, енді жылқыларды дайындап жатырмыз, - деді көкпардан Ұлттық құрама мүшесі Әділет Мамыт.

Айта кетейік, республикалық көкпар федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар қауымдастық құрамында Бәйге, Жамбы ату, Аударыспақ, Садақ ату, Құсбегілік, Асық ату, Теңге ілу, JORYQ және т.б. федерациялар бар. Ал қауымдастықты белгілі кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.