«Алматы жастары» бағдарламасына өтініш қабылдау басталды
Бағдарлама бойынша пайыздық мөлшерлеме – 5%
Алматы қаласы жастарына арналған тұрғын үй ипотекасы бағдарламасына өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие алу үшін 35 жасқа дейінгі жастар 29 шілде мен 7 тамыз аралығында almaty-zhastary2024.kz сайты арқылы өтініш беруі керек. Оған электрондық цифрлық қолтаңба қажет.
Бағдарлама аясында несие беру шарттары:
- Қарыздың ең көбі – 18 млн теңгеге дейін;
- Пайыздық мөлшерлеме – 5%;
- Бастапқы жарна – 10%;
- Бастапқы және қайталама тұрғын үй алу мүмкіндігі.
Биыл 1 200 адам қамтылады деп жоспарланған. Оларға қойылатын негізгі талаптар:
- Қазақстан Республикасының азаматтығы;
- Өтініш беру кезінде өтініш берушінің және жұбайының (бар болса) Алматы қаласында тұрақты тіркеуі болуы;
- Өтініш беру кезінде қатысушы 35 жасқа толмауы керек, ал жұбайының (бар болса) жасы есепке алынбайды. Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады;
- Қатысушының және оның отбасы мүшесінде меншік құқығында тұрғын үйдің, сондай-ақ, Қазақстан аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайын әдейі нашарлату дерегінің болмауы.
- Қатысушының Алматы қаласында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО-лар және ғылыми-зерттеу институты, журналистика, әлеуметтік салада, құқық қорғау органдарында, қалалық коммуналдық қызметтерде және «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасы бойынша жалдамалы жұмыс (2019 жылы желтоқсан) санаттарында ең кемі соңғы 6 ай бойы міндетті зейнетақы аударымы бар жұмыс өтілі болуы қажет.