×

Түлектер биыл да педагогика және IT мамандығын көп таңдаған

Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады

 Халық үні 29.07.2024 | 10:21
Фото: Halyq Uni

2024 жылы 104 мыңнан астам талапкер білім гранты конкурсына өтініш берді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Ал 2023 жылы 94 мыңнан астам өтініш түскен.

Биылғы оқу жылында бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлініп отыр. Гранттардың басым бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінген. Биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді.

«Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бөлінген.

Гранттар тізімінде 5 000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранты бар.

Ең көп таңдалған қала – Алматы, 42 мың бала оңтүстік астанамызды студенттік шақ өткізу үшін таңдаған. Елорданың оқу орындарында оқу үшін 22 мың өтініш қабылданса, 6,5 мың адам Шымкент қаласы университеттерінде оқуға ниет білдірген.

Бірнеше жыл қатарынан талапкерлердің көбі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға өтініш беріп келеді.

Қабылдау науқаны нәтижесіне сәйкес болашақ тіс дәрігерлері, дипломаттар, мұғалімдер және психологтар арасында бір грантқа ең үлкен конкурс болғалы тұр.

Гранттар тағайындау жөніндегі шешімді республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Оның құрамына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.

Грант иегерлерінің тізімі Ғылым және жоғары білім министрлігінің сайтында және @gylym_jogary_bilim телеграм-арнасында, www.testcenter.kz сайты және TESTCENTERKZ телеграм-арнасында 10 тамызға дейін жарияланады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама