Жоғарғы сот бір жылға бас бостандығы шектелген қостанайлықты ақтады
Бұған Бас прокуратураның кассациялық наразылығы себеп болған
Жоғарғы сот Қостанай облысы сотында бір жылға бас бостандығы шектелген азаматты ақтады. Бұған Бас прокуратураның кассациялық наразылығы себеп болған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бас прокуратура баспасөз қызметінің хабарлауынша, азамат Кенжеғарин Алтынсарин аудандық сотының апелляциялық сот алқасы өзгеріссіз қалдырған үкім бойынша алаяқтық жасағаны үшін бір жылға бас бостандығы шектелді.
Азамат Қостанай облысы Алтынсарин ауданының заңдастыру комиссиясына құжаттарын тапсырып, Малая Чураковка ауылында орналасқан пәтерді заңдастырып, тіркеуге алған.
Кейін заңдастыру туралы шешімді Қостанай облысы апелляциялық соты заңсыз деп таныған, өйткені Кенжеғарин комиссияға пәтерді сатып алу туралы жалған ақпарат берген.
Аталған сот шешімі Кенжегаринді алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болды.
Шын мәнінде іс бойынша жауап алынған куәлар пәтерді 1997 жылы бұрынғы иесі Кенжеғаринге 100 мың теңгеге сатқанын растаған. Кенжеғарин куәлардың көзінше ақшаны қолхатсыз тапсырған. Сатушыда пәтердің өзіне тиесілі екенін растайтын құжаттары болмаған, өйткені ол да оны бұрынғы меншік иесімен ауызша келісім негізінде алған, - деп хабарлады Бас прокуратура.
Мұндай жағдайда Кенжеғарин азаматтық сотқа шағымдану арқылы мәмілені орындалды деп тану арқылы пәтер иесімен мәселені шешуі керек болған.
Осылайша, Кенжеғариннің әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ, өйткені оның алаяқтық ниеті болмаған. Жоғарғы сот Бас Прокурордың Кенжеғарин мен пәтер сатушысы арасында азаматтық-құқықтық қатынастар туындағаны, ол қылмыстық қудалауды болдырмайды деген наразылық уәждерімен келісті, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бірінші жартыжылдықта Бас прокурордың кассациялық наразылығы бойынша 4 адам ақталды.