×

Мәжіліс: Шиповских Симоновқа қазақша сұрақ қойып, Қошанов Садырбековке ана тілінде сөйлеуді ескертті

Тағы бірнеше депутаттың қазақша сұрақтарына жауап тек орысша қайтарылды

 Динара Амантай 08.06.2022 | 11:55
коллаж: parlam.kz

Референдумнан кейінгі Мәжілістің жалпы отырысы мемлекеттік тіл мен ресми тілдің арасындағы тартысқа айналып, қарастырылуы қажет негізгі мәселе тасада қалған сияқты.

Бүгінгі жиын Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылаудан басталды. Баяндаманы алғашқы болып оқыған депутат Сергей Симоновқа әріптесі Генадий Шиповских қаржылық қызмет көрсететін трасттарға қатысты қазақша сұрақ қойды.

Өз кезегінде депутат Ләззат Рамазанова да сұрақты Қаржы мониторингі агенттігінің өкіліне мемлекеттік тілде қойды. Оған ресми тілде жауап беруді сұраған Ғабит Садырбеков бұл өтінішінің себебін айтып түсіндіре алмады.

Сондай-ақ тағы бірнеше депутат агенттік өкіліне қазақша сұрақтарды қарша боратты. Оларға да жауап тек орысша қайтарылып отырды. Осы орайда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ғабит Садырбековтің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін алға тартып, оған сұрақ қай тілде қойылса, сол тілде жауап беру керектігін ескертті.

«Ғабит Амангелдіұлы, сіздің ана тілін еркін меңгергеніңізді байқап отырмыз. Қойылған сұрақтар да қиын сұрақтар емес. Сізге айтатыным, болашақта депутат қай тілде сұрақ қойса, сол тілде жауап беріңіз!» – деді Ерлан Қошанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама