Атырау облысында жарты миллион балық шабағы құтқарылды

Қымбат Елтайқызы

Оларға қандай қауіп төнгені белгілі болды

фото: atpress.kz

Атырау облысы Махамбет ауданы Бейбарыс ауылында орналасқан Сарыөзек каналынан 520 мыңнан астам балық шабағы құтқарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Көктемгі су тасқыны салдарынан Жайық өзені арнасынан шығып, су төгілген жерлер арқылы Сарыөзек арнасына түскен болатын. Тасқын сумен бірге арнаға балық шабақтары да түскен. Маусымда Жайықтағы су деңгейі тұрақтанды, ал тасқын су төгілген арнада балық шабақтары жиналып қалған, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Қазір арнада жиналған балық шабақтарын сақтап қалу үшін су беру насосы арқылы су жіберілуде және балық шабақтарын құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Іс-шараға Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, жергілікті атқарушы органдар, балық шаруашылығы субъектілерінің өкілдері, жергілікті тұрғындар, еріктілер мен блогерлер қатысып жатыр, – деп қосты ведомство.

Құтқарылған балық шабақтарының түрлері: сазан, табан, көксерке, жайын, мөңке. Олардың орташа салмағы – 12-14 грамм. Су айдындарынан құтқарылған барлық балық шабағы Жайық өзеніне тірі түрде жіберіліп жатыр.

2024 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін Атырау облысының су айдындарында 49 млн 920 мыңнан астам балық шабағы, оның ішінде Құрманғазы ауданының аумағында – 39 млн 900 мың дана, Индер ауданының аумағында – 8 млн 500 мың дана, Махамбет ауданында – 1 млн 520 мың дана, Атырау қаласының облыс орталығында –  35,5 мың дана балық шабағы құтқарылды.