Конституциялық cот: мүгедектігі бар адамдар сот төрелігіне тең қол жеткізуі керек

Қымбат Елтайқызы

Арнайы тексеріс нәтижесі жарияланды

фото: Конституциялық сот

Конституциялық cот азаматтардың Салық кодексінің 616-бабы бірінші бөлігінің 13) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініштерін қарады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл нормаға сәйкес, мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ бала жасынан мүгедектігі бар, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі талапкер ретінде сотта мемлекеттік баж төлеуден босатылады, деп мәлімдеді Конституциялық сот.

Азаматтық іс жүргізу барысында жауапкер болған өтініш субъектілерінің пікірінше, Салық кодексінің бұл нормасы сот актілеріне кассациялық тәртіппен шағым жасау кезінде олардың сот төрелігіне қол жеткізуге конституциялық құқығына нұқсан келтіреді, атап айтқанда, сот шешіміне кассациялық сатыға шағымданған кезде мемлекеттік баж төлеуден заңмен босатылған осыған ұқсас жағдайдағы әлеуметтік осал адамдар санатындағы талапкерлермен тең емес іс жүргізу жағдайына қояды, – деп толықтырды ведомство.

Конституциялық сот бұған дейін өзінің қорытынды шешімдерінде барлығының заң мен сот алдындағы теңдігі мемлекеттің адам құқықтарын тең қорғауын және әрқайсысының заң алдындағы тең жауапкершілігін, міндеттерін орындауға қойылатын талаптардың бірыңғай болуын білдіретінін атап көрсеткен. Заңдармен адамдардың құқықтарында объективті және ақылға қонымды негіздемесі жоқ айырмашылықтар белгіленбеуі тиіс. Тең дәрежедегі құқық субъектілері тең құқықтық жағдайда болуы тиіс. Осы конституциялық қағидатты іске асыру қорғау тәсілдерінде және материалдық және процестік нормалардың біртұтастығы негізінде бұзылған құқықтары мен бостандығын қалпына келтіруде тең болуды алдын ала айқындайды. Конституциялық сот сондай-ақ қаралып отырған адамдар үшін олардың әлеуметтік мәртебесін ескере отырып, кассациялық шағымдану сатысында бірыңғай заңнамалық тәсілді қолдану қажеттігін атап өтті.

Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық сот «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекстің (Салық кодексі) 616-бабының екінші бөлігімен өзара байланысты болу үшін осы кодекстің 616-бабы бірінші бөлігі 13) тармақшасының ережесін «талапкерлер – » деген сөзді қолдану бөлігінде Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды. Конституциялық сот нормативтік қаулысының толық мәтінімен сілтеме бойынша танысуға болады.