Марқұмның күйеуі күдіктімен төбелесу кезінде пышақ жарақатын алған
Қайғылы оқиға 20 шілдеде Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында болған.
Карл Маркс көшесіндегі жеке үйлердің бірінің ауласынан мойны кесілген жаралы әйел табылды. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметі әйелдің көз жұмғанын анықтады.
Марқұмның жанында күйеуі болған. Ол жедел жәрдем қызметкерлеріне 40 минут бұрын әйелінің айғайын естіп, сыртқа шыққанын, оны осы күйде тапқанын айтыпты. Марқұмның күйеуі күдіктімен төбелесу кезінде қарақұсынан және бетінен пышақ жарақатын алған.
Құсмұрын ауылында әйелді өлтірді деген күдікпен полицейлер 29 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген Қостанай облысы полиция департаментінің хабарламасында.