Бұл мәселе 20 жылдан бері шешімін таппай келеді
Қазір Қосшы қаласында қоқыс шығару үлкен мәселе боп тұр. Жағдай қасындағы Тайтөбе ауылының іргесіндегі «заңсыз полигон» жабылғалы күрделенген. Коммуналдық салада келеңсіздіктер болмас үшін енді қоқыс шығару тарифі көтерілуі мүмкін.
Осыған орай өткен қоғамдық талқылауда жергілікті әкімдік пен тұрғындар ортақ мәмілеге келе алмады. Өйткені шенеуніктер мәселені шешудің ең тиімді тәсілі – тарифті көтеру ғана дегеннен танар емес. Айтуларынша, Қосшы қаласы елордаға жақын орналасқандықтан, ол маңға талапқа сай полигон салуға болмайды. Тазалық мекемесі барлық күл-қоқысты тек елорда сыртындағы жалғыз полигонға апаруға тиіс. Алайда оған барар жол қашық болып тұр.
Қазір бір айдан бері Қосшының қоқысын «Қосшы-тазалық» мекемесіне көмек ретінде өзге компания тазалап жүр. Енді олармен келіскен мерзім де аяқталуға жақын.
Бұл мәселе 19-20 жылдан бері шешімін таппай келеді. Қазір қоғамдық кеңес халыққа ұсынған тариф бекітілсе, ол қоқыс шығаратын компанияларға аз-кем көмек болады деп ойлаймыз, - дейді Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Әлихан Қуатбеков.
Сонымен, бұған дейін адам басына 250 теңгеден төлеп келген қосшылықтар жаңа тариф бекітілсе, 532 теңге береді. Бірақ тұрғындардың көбі бірнеше жыл сақталған тарифтің бірден 2 есе көтерілуіне наразы. Олар қоғамдық кеңестен адам басына 390 теңгеден қоюды талап етіп отыр.
Ал қаланы қоқыстан тазартуға кететін шығындарды есептеп, тарифті ұсынған шенеуніктер тек 532 теңгенің тиімді баға екенін ескертіп әлек. Одан төмендететін мүмкіндік болмай тұрған көрінеді.
Қысқасы, қазір көмектесіп жүрген тазалық мекемесінің келісімшарт мерзімі 10 күнде тоқтатылады. Оған дейін билік пен бұқара бір шешімге келе алмаса, Қосшы қоқыс астында қалғалы тұр.