Түркістандық түлек шетелдің 45 жоғары оқу орнынан шақырту алды
Оны шәкіртақысы 2,5 миллион теңге болатын университеттер де шақырған
Түркістандық түлек Дамир Аюпов шетелдің 45 жоғары оқу орнына грант жеңіп, шақырту алды.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, №15 жалпы орта мектебінің оқушысы Дамир Аюпов АҚШ, Швейцария, Германия, Испания, Малайзия, Шотландия мемлекеттеріндегі қалаған жоғары оқу орнының студенті атана алады.
Түлек ұлттық бірыңғай тестілеуден 133 балл жинаған. Талапкер тестілеуді білімін тексеру үшін ғана тапсырған. Ал кейін әлемнің үздік жоғары оқу орындарына шақырту алды.
Бәрі Чехияға оқуға түскен досымның жетістігіне қызығушылықтан басталды. Білім алуды басқа елде жалғастыру үшін бірінші кезекте ағылшын тілін үйрену керектігін естіген бойда дайындық тобына жазылдым. Сөйтіп 10-сыныптың жартысынан бастап шет тілін тереңдетіп өтетін курста сабақ алдым. Жарты жылдың ішінде IELTS-тағы деңгейім 6,5-ке жетті. Негізінен мектепте география, математика және ағылшын тілін сүйіп оқыдым. Сөйтіп, IT саласын таңдаймын деп жүргенмін. Бірақ 11-сыныпта бұл ойым өзгерді. Мейрамхана басқаруды армандай бастадым. Сөйтіп география мен ағылшын тілі пәндеріне ден қойдым. Оған еш өкінбеймін. Қазір шетелдің 45 жоғары оқу орнына шақырту алдым, – деді Дамир.
Айтуынша, оны шәкіртақысы 2,5 миллион теңге болатын университеттер де шақырған. Бірақ жүрек қалауы Еуропаға түсіп тұр. Сыныптастарының арасында шетелге оқуға түскен жалғыз өзі ғана емес, олардың қатарында Корея, АҚШ пен Словакияда оқуға жолдама алғандары да бар екен.