×

Ақмола облысында түйенің кесірінен жолаушы қаза тапты

Мал иесін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 26.07.2024 | 16:37
Фото: Halyq Uni

Ақмола облысында түйенің кесірінен жолаушы қаза тапты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 24 шілдеде Астана-Ерейментау-Шідерті автожолының 23 шақырымында Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісі автотрассада тұрған түйені қағып кеткен. Салдарынан такси жолаушысы, Сандықтау ауданының 49 жастағы тұрғыны оқиға орнында қаза тапты.

Аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жануарлардың иесі анықталғаннан кейін ол жауапқа тартылады, – делінген полиция хабарламасында.

Ақмола облысының полиция департаменті автокөлік жүргізушілерін республикалық маңызы бар трассаларда қырағы болуға шақырады және трассада жануарлардың кенеттен пайда болу мүмкіндігін ескере отырып, белгілерге назар аударуды сұрайды. Сонымен қатар тәртіп сақшылары елдімекендер мен автомобиль жолдарының бойында бақылаусыз мал жайғандығы үшін жауапкершілік көзделгендігін ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама